425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейруттегі жағдай билікке қалай әсер етті?

  • 329
  • UPD: 23:27, 11.08.2020

Ливан үкіметі толық құрамда отставкаға кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықтың да талабы сондай еді. Орындалды. Бірақ елде наразы жұрттың ереуілі әлі де басылар емес. Ливандықтар жемқорлыққа қатысы бар шенеуніктер мен түнеукүнгі жарылысқа жауапты адамдардың сотталуын талап етіп отыр. Қазір Бейрутті дүр сілкіндірген жарылыстан кейін аймаққа әлемнің қиыр-қиырынан халықаралық гуманитарлық көмек жеткізілуде. Ал жергілікті мамандар әлі күнге шығын көлемін есептеп жатыр.

Иә, аймақта іздестіру операциясының нәтижесінде мерт болғандардың саны 220-дан асты.  Қазір оқиға орнында тірі адам табылмаған соң құтқару жұмыстары тоқтап тұр.

Ливанда бірнеше күн қатарынен ұйымдастырылған жаппай толқулардан кейін ел  үкіметі толық құрамда отставкаға кетті. Алайда жаңа министрлер кабинеті жасақталмайынша, қызметін жалғастыра тұрады. Бұл туралы премьер министрі Хассан Диаб хабарлады. Ал ел президенті Мишель Аунның айтуынша, экономикалық дағдарысқа ұшыраған Ливанды бұл тығырықтан шығару үшін елде шұғыл реформа жүргізіп, жаңа үкімет құру керек.

Хассан Диаб, Ливанның бұрынғы премьер-министрі:

– Халықтың  жанайқайын  түсінеміз. Апатқа қатыстылардың барлығы жауапқа тартылатын болады. Біз қарапайым халықпен біргеміз. Билікте қажетті өзгерістердің орын алуын да қалаймыз. Осыған орай бүгін мен үкіметтің толық құрамда отставкаға кететін жариялаймын.

Халық ереуілі басылар емес

Десе де, ливандықтардың сабырға келетін түрі жоқ. Аймақта наразылық акциялар қайта басталды. Енді жұрт парламенттің отставкаға кетуін талап етіп жатыр.  Жиналғандар полицияға жарылғыш лақтырып, тас жаудырған. Әскерилер де қарап қалған жоқ, көз жасаурататын газ қолданған. Жергілікті тұрғындар мен тәртіп сақшыларының қақтығысынан шамамен 45 адам жарақат алды. Белгілі болғандай, олардың жетеуі ауруханаға түскен.

Жарылыстан мерт болғандардың саны артты       

Жарылыстан кейін жүргізілген құтқару іздестіру операциясының нәтижесінде мерт болғандардың саны 220-дан асты.  Бұл туралы Аль-Джазира ақпарат агенттігі хабарлайды. Үйінділер астынан тірі адам табылмаған соң құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қазір апатқа қатысты тергеу жалғасып жатыр. Билік қанды оқиғаға себеп болуы мүмкін барлық нұсқаны қарастыратынын айтады. Ал мамандар жарылыстан келген шығынды есептеуде. Бұған Ливандағы инженерлер ғана емес, Германияның техникалық көмек көрсету Федералды агенттігінің мамандары да жұмылдырылды. 

Георгия Флейдерер, офицер:

– Германиядан келген 12 адамнан құралған топ бар. Олар Бейрут қаласында қалып, жергілікті инженерлермен бірлесе жұмыс істейді. Аймақтағы ғимараттардың қаншалықты апатты жағдайда екенін анықтау керек.

Хассан Дагер, инженер:

– Тарихи, мәдени ғимараттардың тас-талқаны шықты. Кейбіреуін айта қалпына келтіру мүмкін емес. Инфрақұрылымға орны толмас зиян келді.

Бейрутке гуманитарлық көмек беріліп жатыр  

Ливанның жағдайы енді гуманитарлық көмек пен халықаралық несие берушілерге байланысты болмақ. Кемежайдағы қоймада болған жарылыс, онсыз да жағдайы мүшкіл ел экономикасын тығырыққа тіреді. Мемлекеттің зардап шеккендерге көмек беруге және шаһарды қайта қалпына келтіруге қаражаты жоқ. Болжам бойынша азық - түліктің 85 пайызы импортталатын Ливанда 2 аптадан кейін нан тапшылығы пайда болуы мүмкін. Осыған орай Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы жақын арада Бейрутке 50 мың тонна ұн жіберетінін мәлімдеді. Оның 17 мың тоннасы жолда келе жатыр. Аймақтағы гуманитарлық дағдарысқа қатысты  БҰҰ да алаңдаушылық білдіруде. Антониу Гутерриш әлем елдерін де қол ұшын созуға шақырады.  

Антониу Гутерриш, БҰҰ-ның бас хатшысы:

– Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бейрут халықаралық көмекке мұқтаж. Жәрдемдесіп жатқан елдерге алғысым шексіз. Аймақтағы балалар мен әйелдердің жағдайы күрделі. Мыңдаған адам баспанасынан айырылып далада қалды. Аймақта аурухана жетіспейді. Жарылысқа қатысты әділ тергеу мен халықтың көңілінен шығатын реформа өткізу керек. Біз өз тарапымыздан барынша көмек көрсететін боламыз.

Тақауда Бразилия гуманитарлық көмек тиелген ұшақ жөнелтсе, Ұлыбритания қажетті заттар мен азық-түлігі бар кеме аттандырған.  Айта кетейік, біздің ел де жарылыстан есеңгіреп қалған ливандықтарға қолдан келген көмегін аяп жатқан жоқ. Осы аптада Қазақстанның әскери дәрігерлері зардап шеккендерге көмектесу үшін Бейрутке барған еді.

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы

Хабар 24 телеарнасы