431,11 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Беларусьтегі қарсылық акциялары басылар емес

  • 351
  • UPD: 12:57, 12.08.2020

Сайлаудан кейінгі үшінші түн де Минск тұрғындары үшін мазасыз өтті, хабарлайды «Хабар 24».

Наразы халық қаланың орталығынан шағын аудандарға ауыса бастады. Күштік құрылымдар демонстранттарға қарсы көзден жас аққызатын газ бен резеңке оқтар қолданып жатыр. Дегенмен, қарсылық танытушылардың саны өткен түнде әлдеқайда азайған, көшеге шыққандардың саны шамамен 500 адам.

Минск. Сайлаудан кейінгі үшінші түн. Президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтіндер тағы да көшеге шықты. Жиналған халықты тарқату үшін полиция қатты дыбысты граната мен резеңке оқ қолданып жатыр. Наразы халық Минсктің орталығынан қаланың шағын аудандарына ауыса бастады. Полиция көлік қозғалысын шектеп, жиналған халықты ұстап әкетіп жатыр.

Наразылық шеруінің екі күнінде 5 мың адам ұсталды, жаппай тәртіпсіздік бойынша 20-дан аста қылмыстық іс қозғалды. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі 200-ден астам адамның түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Анықталғандай, бір адам қаза тапты. Минск тұрғындары демонстрант қаза болған «Пушкинская» метро станциясының маңына келіп, гүл шоқтарын қойып жатыр.

Күштік құрылымдар мен шерушілер арасындағы қақтығыс әдетте кешке және түнде күшейе түседі. Сайлаудан кейінгі үшінші түнде Каменная Горка шағын ауданы шиеленістің орталығына айналды.

Минскідегі наразылықтан хабар таратқан журналистер де жарақат алды. BBC өздерінің түсірілім тобына шабуыл жасалғанын хабарлады. БАҚ өкілінің айтуынша, оларды «белгілері жоқ униформадағы адамдар» ұрып кеткен. Жергілікті БАҚ өкілдері де жарақаттанып, кейбірінен хабар үзілген.

Хабар 24 телеарнасы