431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда толассыз жаңбыр салдарынан 7800 адам үйсіз қалды

  • 234
  • UPD: 08:10, 14.08.2020

Оңтүстік Кореяда 50 күн бойы толассыз жауын жауып, бұрын соңды болмаған су тасқыны жүрді, деп хабарлайды «Хабар».

Салдарынан 35 адам опат болды, тағы жеті тұрғын жоғалып кетті. Ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келді. Елдің 11 өңірі апатты аймақ деп жарияланды. Арна тілшісі Владислав Цой зардап шеккен аймақтардың бірінде болып қайтқан еді.

Намвон қаласының маңындағы бірнеше ауыл иен қалды. Мұнда 2 тәулік ішінде айлық жауын-шашын нормасы жауды. Хадо ауылындағы сексен екі үйді түгел су басты.

Владислав Цой, тілші:

- Бұл үйде қазір тұру қауіпті. Күрделі жөндеу қажет. Күнжіт дақылдары да жарамсыз болып қалған. Бұл екі адамнан тұратын отбасының жалғыз табыс көзі болыпты.

Ким Чан Ель үйі түн ортасында су астында қалды. Ол күйеуімен бірге далаға шығып үлгерген. Бірақ отағасы ауруханаға түсті.

Ким Чан Ёль, Хадо ауылының тұрғыны:

- Адамдар барлық заттарын тастап, киімсіз далаға шықты. Ауыл тұрғындары егіншілікпен айналысады. Бізде екі жылыжай бар. Жабдықтар істен шықты. Бұл үлкен проблема.

Үйлері су астында қалған отбасылар мемлекеттен 1600 доллардай көмек ала алады. Мемлекеттік қызметкерлерден құралған еріктілер тобы су басқан мекендерді қоқыстан тазартып, үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді.

Пак Чоль Ун, Ауылшаруашылық технологияларымен алмасу және коммерцияландыру қорының президенті:

- Мұндай апат 50 жылдан бері бірінші рет болып отыр. Әдетте маусымда жауын-шашын мөлшері 200-300 миллиметрдей болады. Бірақ бұл жолы екі күнде 500 миллиметрге жетті. Су шатырды иектеді. Енді ауылшаруашылық өнімдері қымбаттауы мүмкін. Бірақ негізгі көкөністер – пекин қырыққабаты, тұрып және пияз қоры 2-3 айға жетеді.

Оңтүстік Кореядағы 27 мың гектар ауылшаруашылық жерді су басты. Бұл көкөніс бағасының өсуіне айтарлықтай әсер етті. Пияз 96, қызанақ 75, сарымсақ 48%-ке қымбаттады. Алдын ала мәліметтер бойынша су тасқынынан болған залалды жою үшін шамамен 422 миллион доллар қажет.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы