424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде індет салдарынан адамдар жүйке ауруына шалдығып жатыр

  • 208
  • UPD: 09:15, 14.08.2020

КОВИД-19 пандемиясы адамның жүйке жүйесіне кері әсер етуде. Дер кезінде оның алдын алмаса салдары ауыр болуы мүмкін. Израильдің психиатр мамандары осылай деп дабыл қағуда. Дәрігерлердің айтуынша, қазірдің өзінде психологтарға жүгінетіндер көбейіп, депрессияға қарсы дәрілердің саудасы қызып тұр.

Вирусологтар мен эпидемиологтар індетпен арпалысып жатқанда, медицина саласының өзге мамандары коронавирустың жаңа салдарына дайындалып жатыр. Психологтар мен психиатрлар бұл індет жүйке ауруларының өршуіне де әсер етеді дейді. 

Михаил Красноштейн, психиатр:

- Түйіні тарқалмаған мәселелер біртіндеп көбейіп келеді. Болашақта бұл індет тіпті өршіп кетеді. Дүние жүзінінің медициналық қауымы мұны түсініп, мәселеге назарын аударып жатыр. 

Адамзат бұрын да ауыр апаттарды бастан кешкен. Қырғын соғыстар және оба мен испан тұмауы індеттері болғанын тарихтан білеміз. Алайда жаһан жұртының дәл мұндай жағдайға тап болуы бұрын-соңды болмаған.

Михаил Красноштейн, психиатр:

- Бұл жаңа жағдайға бейімделу дағдарысы. Адамдардың сары уайымға, ішімдік пен есірткіге салынуынан туындаған жүйке жүйесінің ауруы. 

Мәселен, АҚШ-та індет кезінде ішімдік саудасы бір жарым есе өсіп, психологиялық тұрғыдан ауыратындар саны күрт өсті. Экономикалық қиындықтар да басып отыр, жұмысынан айырылып, табыссыз қалғандар көп. Жұрттың болашаққа сенімі үзіліп, әбден зәресі ұшты. Ауруды жұқтыру үрейі таралып, адамдар инфаркт пен инсульт алатын жағдайлар жиіледі.

Юрий Ранков, Тель-Авив бірінші медициналық орталығы медицина департаментінің директоры:

- Психиатрлық көмекке зәру адамдар саны өседі. Бұл тек медициналық ғана емес, әлеуметтік мәселе. Өйткені жүйкесі тозған адамдар түрлі қылыққа баруы мүмкін. 

Израильде психиатрларға қаралатын адам саны көбейіп, депрессияға қарсы дәрілердің саудасы қызып тұр.

Мамандардың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесін осы жағдайға бейімдеу керек. Жедел желілер құрып, психиатр, психолог, психотерапевттер қатарын арттыру қажет. Ал ең бастысы, жұрт дәрігерлерге қаралудан қорықпауы тиіс. Өзге дерттер секілді жүйке ауруы асқынса, оны емдеу де едәуір қиындайды. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы