423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тауар көп, тамақ жоқ. Қытай халықты азық-түлікті үнемдеуге шақырды

  • 283
  • UPD: 11:55, 14.08.2020

Қытай билігі өз азаматтарын азық-түлікті үнемдеуге шақырып отыр. Жалпы 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылғаннан бері ел экономикасы 175 есе артқан. Үкімет өнеркәсіп тауарларын тұтынуды құптағанмен, азық-түлікті рәсуа етпеуді сұрайды.

Си Цзиньпин халықты тамақты рәсуа етпей, азық-түлік қауіпсіздігіне саналы түрде қарауға шақырды. Қытай ғылым академиясы және Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мәліметінше елде мейрамханалар мен асханалар жылына 18 миллион тонна тамақты қоқысқа тастайды. Бұл елде жалпы өндірілетін азық-түліктің шамамен 3%. Мамандардың айтуынша, мұнымен 50 миллион адамды азықтандыруға болатын еді. 

Цзяо Инси, мейрамханалар желісінің иесі:

- Қонағымыз тым көп тағам сұраса, біз оны міндетті түрде ескертеміз. Қытайда «абыройыңды сақтау» деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан дастарқанды мол жаюға тырысады. Алайда қазір көптеген жерде оның арасында біздің мейрамханаларда да, рәсуа етпей, тағамдарды азырақ алуға шақыратын үгіт-парақтар ілінген. Жалпы халық осы өтінішімізге құлақ асады. 

Ресми деректерге сүйенсек, Қытайға азық-түліктің 20% шетелден әкелінеді. Кейбір сарапшылар «мемлекет басшысының үндеуі импорттан тәуелділікті азайту қажеттілігіне байланысты және бұған АҚШ-пен сауда тартысы да әсер етіп отыр» дейді. Сонымен қатар биыл күріш өсетін елдің оңтүстік аймағы жойқын су тасқынынан зардап шекті. Қытайда бір-бірімен кездескенде әдетте «Тамақ іштің бе?» дейді. Бірақ бұл сұрақ емес, амандасу. Осының өзі тамақтың тұрмыстағы орынын айқын көрсетіп отыр. Ысырапқа жол бермес үшін үкімет қоғамда азық-түлікті үнемдеуді мақтан ету әдетін қалыптастырғысы келеді. Ал қарапайым халық осыған дайын ба, сұрап көрейік.   

БЛИЦ:

- Мейрамаханада тамақтануды азайту керек. Өйткені қазір көбі әсіресе жастар жағы дұрыс тамақтануды насихаттап жүр. 

- Шынымды айтсам, біз тамаққа тапсырыс бергенде аз-аздан аламыз. 

Бұл мәселе мектеп асханалары үшін де өзекті. Мұнда тағамдардың үштен бір бөлігі ысырап болып кетеді екен. Сарапшылар бұған бала кезінен тәрбиелеу керек дейді.

Гао Сы, Швеция қоршаған орта бойынша ғылым академиясының Қытайдағы кеңсесінің жетекшісі:

- Жасөспірімдер арасында тамақты ысырапқа салу мәселесі өте маңызды. Өйткені оны шешсек, болашақ ұрпағымыздың ой-санасын өзгерте аламыз. Бұған арналған шараларды өткізіп келдік. Қытай ғалымдарымен бірлесіп, осы тақырыпқа бірқатар мақала жарияладық. Өскелең ұрпақты тамақты үнемдеуге тәрбиелейтін оқу пәнін құру үшін серіктестерді іздеп жатырмыз.

Қытай Халық Республикасының төрағасы азық-түліктің ысырабына жол бермес үшін бақылау жүйесі мен заңнаманы күшейтуге шақырды. 

Авторы: Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы