429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда карантин талаптары жеңілдейді

  • 323
  • UPD: 18:31, 14.08.2020

Өзбекстан карантиннен біртіндеп шығып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші мемлекетте тамыздың 15-інен бастап бірқатар шектеу алынып тасталмақ. Дәмханалар мен мейрамханалардың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Фитнес-орталықтар, қонақ үйлер мен шипажайлар да қайта ашылады.

Өзбекстанда карантин шілденің 1-і күні қайта күшейтілген еді. Мәселен, көліктердің көшеде қатынауына шектеу қойылды. Темір тұлпарыңызды таңертең үш сағат, кешке үш сағат тізгіндеуге рұқсат болатын. Енді бұл талап бір жарым айдан кейін алынып отыр.

Сонымен бірге ел ішінде әуе және теміржол байланысы да қалпына келеді. Шипажай, қонақ үй, музей, сән салондары мен шаштараздар ашылып, діни мекемелердің жұмысы қайта жанданбақ. Қоғамдық тамақтану орындары да жұмыс істей бастайды. Бірақ дәмханалар мен мейрамханалар ашық аспан астындағы жазғы алаңда қызмет көрсетуі тиіс. Отбасылық мерекені үйде ғана өткізуге рұқсат. Оның өзіне 30 адамнан артық қонақ шақыруға болмайды.

Тамыздың 17-сінен қоғамдық көлік жүре бастайды. Ал 20 тамыздан киім-кешек, құрылыс материалдарын сататын базарлар, спортзалдар мен бассейндер ашылады.

Дегенмен бірқатар шектеу сақталып қала бермек. Мәселен, өзбекстандықтар қоғамдық орындарда екі метр әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағып жүруге міндетті. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде жиналыстар өткізуге тыйым салынады.

Жергілікті тұрғындар төрт қабырғадан мезі болып, қалыпты тіршілікті тірілтуге асық. Жақында театрлар мен кинотеатрлардың да жұмысы жандануы мүмкін. Бұл мәселе бойынша Мәдениет министрлігі бір аптаның ішінде Республикалық арнайы комиссияға ұсыныс жолдауы тиіс.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы