423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Азия елдерін су басса, АҚШ-та орман өрті өршіп тұр

  • 211
  • UPD: 21:00, 14.08.2020

Қытай елі тасқынмен әлек. Сычуань провинциясында қауіптіліктің ең жоғары деңгейі жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғат апатынан Бангладеш халқы да зардап шегіп отыр. Мұнда ел аумағының үштен бір бөлігін су басты.

Ал АҚШ-тың Калифорния штаты мен Бразилиядағы Амазония ормандарында, керісінше, өрт ырыққа көнбей тұр. 

Маусымның басынан бері тасқын Қытайдың барлық өңірінің тұрғындарын әлекке салды. Сөйтіп табиғат апатынан 63 миллионнан аса тұрғын зардап шекті. 219 адам көз жұмған не із-түзсіз жоғалып кеткен. Ал келтірілген материалдық шығын 25 миллиард долларға бағаланып отыр. Елде 634 өзен арнасынан тасыған. Жауынның беті әлі де қайтатын емес. 

Чжоу Сюэвэнь, Қытай төтенше жағдайлар вице-министрі:

– Құтқарушыларымыз 4 миллионнан аса тұрғынды қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Бұл соңғы бірнеше жылдағы ең үлкен көрсеткіш болып отыр.

Ал көршілес Солтүстік Кореяда негізгі ядролық кешеннің ғылыми-зерттеу орталығын су басқан.

Бұл туралы АҚШ-тың сараптама орталығына сілтеме жасай отырып Рейтер агенттігі хабарлайды.

Азиядағы тағы бір ел Бангладеш халқы соңғы 20 жылдағы ең алапат су тасқынынан зардап шегіп отыр. Бір айдан аса уақыт ішінде мұнда табиғи апаттан 161 адам көз жұмған. Соңғы деректер бойынша, ел аумағының үштен бір бөлігін су басқан.

Самрат, жергілікті тұрғын:

– Тасқыннан үйім қирады. Оның ішіндегі су тамақтан келеді. Енді қалған заттарымды әкетуге бара жатырмын.

ОРМАН ӨРТІ ЫРЫҚ БЕРМЕЙ ТҰР

Бұл елдер су тасқынан зардап шегіп отырса, америкалықтарды орман өрті әлекке салды. Тілсіз жау Калифорния штатындағы Ұлттық қорық аумағында басталып, лезде жан-жаққа таралған. Сөйтіп қызыл жалын 4 жарым мың гектар аумақты шарпыды. Қауіпті аудандардан мыңдаған тұрғын эвакуацияланды. Отпен мыңнан аса маман арпалысып жатыр. Алайда күннің ыстығы мен құрғақшылық кесірінен тілсіз жау ырық берер емес.   

Дэрил Осби, өрт сөндіру қызметінің басшысы:

– Бүгін күн бұлттанып тұр. Сондықтан дұрыс көре алмай тұрмыз. Алайда демалыс күндері бұлт сейілгенде, өрттің жаңа ошақтары көбейе ме деп қауіптеніп отырмыз.

Бразилиядағы Амазония өңірінде де орман өрті өршіп тұр. Мұнда тамыздың алғашқы 10 күнінің өзінде 10 мыңнан аса өрт ошағы тіркелген. Мамандар бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш екенін айтады.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы