420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда карантинге бағынбағандар шамамен 200 мың теңге айыппұл төлейді

  • 291
  • UPD: 22:26, 15.08.2020

Түркияда тәртіп күшті. Карантин талаптарын сақтамаған адамға біздің ақшаға шаққанда 195 мың теңге айыппұл төлеткізеді. Мұнда қарттардың тысқа шығуына болмайды. Сонымен бірге Анадолы билігі 20 жасқа толмаған бозбала, бойжеткендердің де жүріс-тұрысын шектеді. Ол неліктен?

Түркияда коронавирус індетінің алғашқы дерегі 10 наурызда тіркелді. Тап осы уақыттан кейін сақтық шаралары күшейтіліп, 11 сәуірден бастап демалыс күндеріне арналған коменданттық сағат енгізілді. Түрік үкіметі «дәл осы шара арқылы COVID-19-дың қарқынын бәсеңдеттік» деп есептейді. Себебі көктем мезгілінде күн жаймашуақ болып, жұртшылықтың сейіл құрып, саябақтарда демалатын кезеңі. Бұл да өз кезегінде арақашықтықты сақтау ережесін бұзып, қауіпті індеттің одан әрі өршуіне түрткі болатын еді. Үш айға жуық уақыт бойы жалғасқан шектеу шаралары мерекелік демалыс күндерін де қамтыды. 

Анадолы жерінде сенбі-жексенбі күндеріне арналған коменданттық сағат маусым айының басына дейін жалғасты. Халық та тәртіп ережелерін мүлтіксіз орындауға тырысты. Ережелерге бағынбағандарға жаза қатаң. 3191 лираға дейін айыппұл төлейді. Ұлттық валютамызға шаққанда бұл 195 мың теңге. Сондай-ақ 21 наурыздан бастап 65 жастан асқан азаматтардың тысқа шығуына тыйым салынды. Бұдан бөлек 20 жастан кішілердің де еркін жүріс-тұрысы шектелді. Жастар жағдайдың ретіне қарай 3 сәуір мен 1 маусым аралығында аптасына екі рет бірнеше сағатқа тысқа шығуға мүмкіндік алды. 

Музаффер Кыржаали, жергілікті тұрғын: 

- Төрт айдан астам уақыт бойы тысқа шыққан жоқпын. Тіпті есігімнің алдында тұрған пошта жәшігіме де бармадым. Бұл індет әсіресе біздің жастағыларға әсер етеді екен. Мұны естігеннен кейін өзің де сыртқа шығудан тыйыласың. Әрине оңай емес. Бірақ адамның өміріне қауіпті біле тұра көшеге шығу өзіңе қол жұмсағанмен пара-пар. 

Эркут Көсеоглу, жергілікті тұрғын: 

- Карантин талаптарын толық орындадым. Үйде отырғанға да үйрендік. Сабақ оқып, музыкамен айналыстым. Басында сыртқа шыққым келіп, үйге сыймайтын кездер болды. Ал шықсам айыппұл төлеймін. Уақытымда үнемдеп, басқа дүниелермен айналыстым. 

Бұл ережелерді енгізудің өзіндік себептері бар. Мысалы, елде қауіпті дертке шалдығып, көз жұмған 93% науқастың жасы 65 жастан асқандар. Мамандар да коронавирустың негізінен жасы үлкен кісілерге қатты әсер ететінін айтып, дабыл қаққаны белгілі. Ал ел үкіметі неліктен 20 жастан төмен, кейінде 18 жастан төмендегілер үшін бұл шектеуді қойды? Бұл жастағыларды денсаулық сақтау саласы қызметкерлері «супертасымалдаушы» деп атайды. Олар дертке шалдықса да ауру белгілері болмауы мүмкін. Басты қауіп осында! Тасымалдаушы екендігін сезініп, білмеген жастар отбасындағы үлкендерге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл факторлар індеттің өршуіне бірден бір себеп.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы