426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропада коронавирус қайта бас көтерді

  • 227
  • UPD: 21:13, 17.08.2020

Еуропа жүріс-тұрысты қайта шектеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Испания түнгі клубтарды жапты. Мұның алдында көшеде темекі шегуге тыйым салған еді. Енді қарттар үйіне де сырттан адам кіргізбейді. Италия да карантин кезінде жабық тұрған ойын-сауық отауларын жақында ғана ақан еді. Енді қайта жауып жатыр. 

Коронавирусты жеңді деген Жаңа Зеландияда індеттің өршуіне байланысты парламенттік сайлау кейінге шегірілді.

БИ АЛАҢДАРЫ 7 ҚЫРКҮЙЕККЕ ДЕЙІН ЖАБЫЛДЫ      

Соңғы 2 аптада Италияда эпидемиялогялық ахуал нашарлап барады. Егер маусым мен шілдеде тәулігіне шамамен 200 дерек тіркеліп отырса, 15 тамызда көрсеткіш 600-ден асып кеткен. Ал вирусологтар алдағы күндері бұл сан мыңға жететінін болжап отыр. Сондықтан бүгіннен бастап елде ғимарат ішіндегі және ашық аспан астында би алаңдарының барлығы 7 қыркүйекке дейін жабылды. Сонымен қоса тұрғындар кешкі 18:00-ден таңғы 6:00-ге дейін жастар көп жиылатын орындарда, дәмхана мен мейрамхана алдында бетперде киюге міндеттелді.

Жергілікті мамандар соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандар санының артуын туризм саласының қайта жандануымен байланыстырып отыр. Сондықтан мұнда шетелден келген саяхатшылар тест тапсыруға міндеттелді. Тексеру нәтижесі шыққанша, бұл азаматтар оқшауланады.

Франческо Вая, Рим қаласындағы аурухана директоры:

Тестілеуден негізі өзге елге аттанбай тұрып өткен дұрыс. Ең болмағанда Еуропа мемлекеттері бойынша осындай ортақ ереже қабылданса жақсы болар еді. Яғни саяхатшылар жолға шықпай тұрып тексерілсе, бұл көп шаруаны жеңілдетеді.

Грекия билігі де италиялықтар секілді түнгі сауыққа шектеу қойды. Себебі адамдардың түнде жаппай серуендеп, жастардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауынан індеттің таралуы күшейген. Испания билігі де осындай қадамға барып, Мадрид пен шипажайлы өңірлерде алдағы екі аптаға би алаңдары мен казиноларды жауып тастады. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Ұлыбритания, Франция, Нидерланд және Германия билігі өз азаматтарына Испанияға бармауға кеңес беріп отыр.  

Рамон Мас, түнгі клуб иесі:

Жыл сайын Барселона 19 миллион саяхатшыны қабылдайтын. Алайда коронавирустың кесірінен жергілікті туризмнен түсетін табыс 97 процентке азайды. Қонақ үйлер мен қоғамдық орындардың көбі жабық тұр. Бұл біз үшін ең қиын маусым болды. Қалпына келтіру үшін кемі 5 жыл керек деген болжамдар айтылып жатыр.

ІНДЕТ ІЛМЕГІНЕ ІЛІНГЕНДЕР САНЫ АРТТЫ

Ұлыбритания билігі коронавирустан қайтыс болғандарды өзге әдіспен есепке ала бастады. Нәтижесінде COVID-19-дан көз жұмғандардың саны 12%-ке азайған. Себебі енді 28 күн ішінде өлімі лабораториялық тұрғыда дәлелденгендер ғана қайтыс болды деп есептеледі. Қазір бізбен тікелей байланыста лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы.

Ғалымжан, сәлеметсіз бе? Ұлыбританияның мұндай жағдайға, яғни коронавирустан қайтыс болғандарды жаңаша есепке алуы немен байланысты?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Бұрын қайтыс болғандардың барлығы есепке алынатын. Тіпті өлім себебі коронавирус болмаса да. Бұл пандемияның бастапқы кезеңінде індет құрбандарының санын кемітпеу үшін жасалған. Айта кету керек, жаңа статистикалық көрсеткіштер де қуантып жатқан жоқ. Соңғы күндері вирус жұқтырғандардың саны артты. Үкіметтің жаңа мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі таңда шамамен 320 мың адам дерт жұқтырған. Бес күн болды. Күніне 1000-нан астам науқас тіркеледі. Пандемия кезінде 41 мыңнан астам адам бақилық болған.

 Ғалымжан, эпидемиологиялық ахуалы нашар мемлекеттерден келгендер оқшаулануы керек деп Ұлыбритания билігі талап қойғаны белгілі. Бұл тізімде қай елдер бар және оның жаңаруы мүмкін бе?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Ұлыбританияның карантиндік тізімін Грекия, Хорватия және Түркия толықтыруы мүмкін. Өйткені бұл мемлекеттерде коронавирусқа шалдыққандар саны артып келеді. Бұған дейін тізімге Франция, Нидерланд, Монако, Мальта, Испания және Бельгия енген болатын. Жаңа тәртіпке сәйкес осы елдерден келген жолаушылар 14 күн үйден шықпай отыруы тиіс. Қазір Ұлыбритания 100 мың адамға шаққанда 20 коронавирус жағдайы тіркелген елдерді ғана қауіпсіз санайды. 

ПАРЛАМЕНТТІК САЙЛАУ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ   

Бұған дейін коронавирусты жеңдік деген Жаңа Зеландияда вирус жұқтырғандар анықталды. 11 тамызда жергілікті билік 102 күннен кейін ел ішінде алғаш рет вирус жұқтырудың 4 дерегі тіркелгенін хабарлаған еді. Олардың бәрі бір үйдің адамдары. Билік жедел шараларды қолға алып, сақтықты күшейткен. Алайда соған қарамастан 6 күн ішінде 80 адам ауру жұқтырған. Осыдан қаймыққан билік қыркүйекке жоспарланған жалпыға бірдей парламенттік сайлауды кейінге шегерді.

Джасинда Ардерн, Жаңа Зеландияның премьер-министрі:

– Коронавирус бәрінің өміріне өзгеріс әкелді. Біз ол өзгерістердің Жаңа Зеландия халқына кері әсерін азайту үшін барымызды салып жатырмыз. Коронавирус бәрімізге ортақ проблема. Біз жаңа өмірге бейімделуіміз керек. Сондықтан жалпыға бірдей парламенттік сайлау бір айға кейінге шегеріледі. Алайда саяси дода күні осыдан кейін өзгертілмейді.

ВИРУС ОШАҒЫ ШІРКЕУ

Жалпы, сарапшылардың айтуынша, премьер-министр үшін парламенттік сайлаудың неғұрлым ерте өткені дұрыс. Өйткені 102 күн бойы ел ішінде коронавирус жұқтыру деректері тіркелмей, үкімет басшысының халық арасында беделі артқан. Енді Жаңа Зеландия сияқты Оңтүстік Кореяда да ауру ошақтары анықталып жатыр. Оның көбі Сеулдегі шіркеуден шыққан. Бірақ құлшылық үйіне келушілердің көбі коронавирусқа тест тапсырудан бас тартып, жағдайды қиындатып отыр. 

Авторы: Жұлдыз Атагелдиева

Хабар 24 телеарнасы