420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда туризм саласы тұралады

  • 142
  • UPD: 18:32, 18.08.2020

Қырғызстанда туризм саласы үлкен шығынға батты. Жыл басында пандемия кесірінен халықаралық байланыс тоқтатылған кезде үкімет «туризм саласы 80 процентке құлдырайды» деп болжаған еді. Туристік маусым бұл болжамның растығын көрсетті.

Қырғызстанда қазір нағыз туристік маусым болғанына қарамастан саяхатшылар жоқ. Ыстықкөлдегі пансионаттар, демалыс орындары мен шипажайлар қаңырап бос тұр. Бірақ бұған таңқалуға болмас. Себебі қырғыз елі шекарасын әлі ашқан жоқ. Кәсіпкерлер биыл шығынға бататынын көктемде сезген. Індеттен шетелдіктер таудағы көлге демалыстан жаппай бас тартқан. Сауданың жоқтығынан жергілікті турфирмалардың 17 проценті сәуір айында жабылып қалды. Пансионаттарда барлық санитарлық қауіпсіздік шаралары қолға алынғанымен демалушылардың қарасы аз.

Астра Жекшебаева, пансионат директоры:

- Біз санитарлық қауіпсіздік бойынша бекітілген барлық талаптарды орындап жатырмыз. Пансионатқа кіреберісте зарарсыздантыратын құралдар орнатылған. Санитайзерлар мен  қорғаныш кмиімдері бар. Барлығы талапқа сай жасалған.

2019 жылы шетелдік туристерді қабылдаудан Қырғызстан бюджетіне 600 миллион доллар кіріс келді. Туризмге 400 миллион доллар инвестиция құйылды. Осы салада кәсіп еткен субъектілердің саны 115 мыңға жетті. Алайда коронавирустан олардың саны азайған. Ішкі туризмнің шығынды жабуға аса көмегі тие қоймаған. 

Борубек Аширов, демалушы:

- Барлық адамға бірдей шектеу қоя алмайсыз ғой. Сондықтан індеттен сақтану демалушылардың өзіне байланысты. Пансионатқа келе салысымен әрбір адам жауапкершілікті сезініп, барлық санитарлық талаптарды орындауы керек.

Қырғызстан қыркүйектің 1-інен бастап Ресеймен әуе байланысын қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Егер Ыстықкөлге келетін туристердің дені ресейліктер мен қазақстандықтар екенін ескерсек бұл көңіл толтыратын жаңалық. «Жылы күз маусымында» туризм жанданады деген үміт бар. Бірақ мұның бәрі болжам. Үкімет індеттен туристік салаға келген шығынды әлі жариялаған жоқ. Бірақ оның көлемі жүздеген миллион долларды құрайтыны анық.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы