426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустан Арменияның туризм саласына жүздеген миллион шығын келді

  • 159
  • UPD: 22:34, 19.08.2020

Індет Арменияның туризм саласына көп шығын әкелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет қазынасы қомақты кірісінен айырылып, сала қызметкерлері жұмыссыздар қатарын толтырды. Үкімет жергілікті туристік компанияларға дағдарысты еңсеру үшін қолдау бағдарламасын дайындады.

Арменияда нағыз туристік маусым қызған шақта дәмханалар мен алаңдар бос тұр. Туркомпаниялар мен мейрамханалардың биылғы жарты жылдағы шығыны бір жарым миллиард долларға жеткен. Дағдарыстан көп кәсіпкер бизнесін жапқан. Ал ісін жалғастырғандар шығындалып жатқанын айтады. Туркомпания басшысы Лариса Мкоянның айтуынша, індет соңғы 20 жылда қол жеткен жетістіктің бәрін тас талқан еткен. Кәсіпкерлер енді шығынды азайтуға көшкен.

Лариса Мкоян, туристік компания директоры:

- Биыл жүзеге асырмақ болған жоспарымыз көп еді. Бірақ карантиннен көп уақыт жоғалттық. Қазақстандағы «Саят тревелмен» ірі жобалар құрып, қазақстандық туристерді қабылдауды жоспарлағанбыз. Саяхатшыларды алдымен 15 маусымда, содан кейін 15 шілде де келеді деп күткенбіз. Енді ешнәрсеге үміттеніп отырған жоқпын. Себебі, әуе байланысы қалпына келмей, туризм жанданбайды.

Кәсіпкерлер үкімет дамыту қажет деп жиі айтатын ішкі туризмнен пайда жоқтығын айтады. Себебі ол қызметкерлерге жақсы жалақы төлеп, компанияны ұстап тұратындай кіріс әкелмейді. Сондықтан шекараның ашылуын күткеннен басқа амал жоқ. Ал үкімет туризм саласына қолдау көрсету жобасын жақында ғана бекіткен. Құжаттың мақсаты – жұмыс орындарын сақтап қалу.

Мехак Апресян, Армения туризм қауымдастығының президенті:

- Билік қазір грант арқылы, болмаса жалақы қорының 33% немесе 25%-ін қаржыландырып, көмек көрсететінін мәлімдеді. Көмек бір реттік емес, шілде айынан келесі жылдың наурызына дейін көрсетілмек. Мысалы, биыл тамызда сіздің компанияңызда қызметкерлер саны өткен жылдың осы айымен салыстырғанда көп болса, мемлекет жалақы қорының 33%-ін төлейді. Ал егер аз болса, қаржылай демеу 25% көлемінде ғана болмақ.

Бірақ наурыз айында басталған дағдарысты ескерсек, мұндай талапқа барлық компания жауап бере алмайды. Сондықтан көптеген бірлестіктің мемлекет қолдауына емес, өз күшіне сенуден басқа амалы жоқ.

Лариса Мкоян, туристік компания директоры:

- Қазір мемлекеттің барлығына бірдей көмек көрсетуге қаржысы жоқ екенін білемін. Бірақ үкімет біздің де жағдайымызды түсінуі керек. Жалпы билік туризм саласына аз қолдау көрсетіп отыр деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім. Мүмкін кей компаниялар мемлекеттің қолдауына ие болып, ұпайын түгелдеп отырған шығар. Өз басым мұндай көмек алған да, көрген де жоқпын.

Сарапшылар «елге шетелдік саяхатшылар келесі жылы ғана келе бастайды» деп есептейді. Ал, елдің туризм қауымдастығының басшысы Мехак Апресянның айтуынша, індеттен келген шығынның көлемі бір жарым миллиард доллардың шамасында. Егер індет болмағанда, осы қаржының шамамен 20%-і мемлекеттің қазынасына түсер еді.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы