429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Француздар жұмыста да бетперде киіп жүруге міндеттелді

  • 186
  • UPD: 23:21, 19.08.2020

Қазіргідей дерт меңдеп, қауіп-қатер көбейген сәтте бетперде кию әркімге міндет.

Алайда, француздар оны тек қоғамдық орында ғана емес, жұмыста да шешпеуі тиіс. Жаңа тәртіп коронавирустың дес бермей тұрғанын көрсетеді. Кеселдің кесірі оңтүстіккореялықтарға да аз болмай тұр. Бұл елдің билігі түнгі клубтарды қайта жапты.

Ал, індет тез тарап бара жатқан Австралияда круиздік кемеге қатысты жанжал ушығып барады.

Оңтүстік Корея астанасы Сеул мен тағы екі қалада бүгіннен бастап бірқатар қоғамдық орындар жабылады. Енді мұнда түнгі клубтар, мұражай, швед дастарханын жаятын дәмханалар мен барлар жұмысын уақытша тоқтатады. Караоке клубтары да жабылды. Өйткені елде коронавирус қайта бас көтерді. Індеттің жаңа ошақтарының бірі – шіркеу. Өткен аптада осында құлшылық етуге келген мыңдаған адам карантинге жіберілді. Билік енді тұрғындарды мейлінше тысқа шықпауға кеңес беріп отыр.

Франция билігі де вирустың тез тарауына байланысты шектеу шараларын күшейтті. 1 қыркүйектен бастап тұрғындар жұмыста да бетперде киіп жүруі тиіс. Жаңа ережеге елдің көбі түсіністікпен қарайды.

Блиц 1:

- Бетперде кию деген қиын шаруа емес қой. Билік солай десе, жұмыс орнында бетпердені шешпейміз.

Блиц 2:

- Негізі бізді ешкім күштеп жатқан жоқ. Бетпердесіз жүргіңіз келсе, үйден жұмыс істеңіз. Қазіргі жағдайға байланысты аптасына 2-3 күн ғана кеңсеге баруға болады ғой.

Ал, Австралияда круиздік кемеге қатысты жанжал ушығып барады. 19 наурызда 3 мыңға жуық жолаушысы бар Ruby Princess лайнері Сидней кемежайына тоқтаған. Онда дәрігер өзін нашар сезінген 13 адамды тексереді. Солардың төртеуінде тест оң нәтиже көрсетті. Ал, қалған жолаушылардың барлығы үйлеріне жіберілді. Кейін олардың мыңға жуығы ауырып, 28-і көз жұмған.

Тергеу нәтижесі Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының ауылшаруашылық, су ресурстары мен қоршаған орта департаменті, денсаулық сақтау басқармасы және шекара қызметі шенеуніктерінің қате кеткенін растады.

Глэдис Береджиклян, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі:

- Біреудің ағаттығынан жақынынан айырылған адамдардың қандай күйде екенін тіпті елестете алмаймын. Біздің мекемелер мен шенеуніктерден қателік кетті. Мен бәрінің атынан халықтан кешірім сұраймын.

Ал, Ұлыбританияда коронавирус өршіген уақыттан бастап депрессия белгілері бар ересек тұрғындар саны екі есеге артқан. Бұл мәліметті Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр. Мекеменің жүргізген сауалнамасына жарты миллионға жуық адам қатысыпты. Олардың ұйқысы мен тәбеті бұзылып, өмірге деген қызығушылығы азайған. Сауалнамаға қатысқандардың тек 3,5%-і ғана соңғы айларда көңіл-күйлері жақсарғанын айтқан.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы