420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбек жасөспірімдері арасында аяғы ауыр болып қалу азайды

  • 378
  • UPD: 09:55, 20.08.2020

Өзбекстанда кәмелет жасқа толмағандар арасында жүктілік көрсеткіші 34 процентке төмендеді. Ел билігінің 11 жылдық  білім беру жүйесін енгізуі оң нәтиже берген.

Жасын Біркенов, тілші:

- 2007 жылы Өзбекстан екі сатылы 12 жылдық білім беру жүйесіне ауысты. Балалар 9 жыл мектепте, қалған 3 жыл академиялық лицейде немесе колледжде оқуы тиіс еді. Осы кезде жасөспірімдер арасындағы жүктілік тым көбейіп кетті.

Себебі оңы мен солын танымаған жас ауылынан алшақтап, оқуын қалада жалғастырады. Санасы бекімеген бозбала мен бойжеткен ата-ана қадағалауынсыз осылайша ересек өмірге қадам басады.

Дилшод Кенжаев, Өзбекстан халықтық білім беру министрінің орынбасары:

- Қазақстанда да, Өзбекстанда да ауыл мен махалляның қоғамдағы орыны ерекше. Тәрбие ісінде отбасы мен махалляның ролі зор. Енді өздеріңіз ойлап көріңіз. Бала тәлім-тәрбие алып жүрген ортасынан шығып, басқа жерге көшкен кезде оны үйіндегідей қадағалайтын адам табылмайды. 

Кәмелет жасына жетпестен ата-ана атанған жеткіншектердің көбеюі олардың әке-шешесінің шетелге табыс көзін іздеп кетуімен де байланысты. Бүгінде 2 млн астам өзбекстандық еңбек мигранты жырақта жұмыс істеп жүргенін айтып кету керек.

Жасын Біркенов, тілші

- Осыдан бес жыл бұрын Өзбекстанда 500-ге жуық сәби, осындай ана сүті әлі өзінің аузынан кеппеген жасөспірімнен дүниеге келсе, қазір бұл 34 процентке азайған. Себеп Өзбекстанның 11 жылдық білім беру жүйесіне қайта ауысуы. 

Дилшод Кенжаев, Өзбекстан халықтық білім беру министрінің орынбасары:

- 11 жылдық білім беру жүйесіне ауысу біздің балаларымыздың тәрбиесін жақсартуға үлкен сеп болды. Біріншіден, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы жүктілік 34 процентке азайды. Екіншіден, жасөспірімдер арасында жасалатын қылмыс саны 2,5 есе төмендеп отыр.

Жасын Біркенов, тілші:

- «Ерте жүктіліктің ертеңі күмәнді» деп жатыр дәрігерлер. Өйткені кәмелетке толмай аяғы ауыр болған қыздардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төнеді екен.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы