421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропада коронавирус қайта белең алды

  • 191
  • UPD: 22:11, 20.08.2020

 

Әсіресе Испания мен Франциядағы жағдай алаңдарлық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми Париж жұрттың жүріс-тұрысын шектеп, жаппай бетперде тағуға міндеттеп жатыр. Ертеңнен бастап көшеге шыққан барлық тұрғын маскамен жүруі керек. Ал күзден бастап жұмыста да бетперде киюі міндет. Оңтүстік Корея да вирустың екінші толқынынан қауіптеніп отыр. Ал халық саны 1 миллиард 400 миллионға жуықтайтын Үндістанда әрбір төртінші тұрғын індет жұқтырды деген болжам бар.

Соңғы 3,5 айдағы ең үлкен тәуліктік көрсеткіш тіркелді

Францияда кейінгі тәулікте 3776 адамның вирус жұқтырғаны расталды. Бұл – соңғы 3 жарым айдағы ең үлкен тәуліктік көрсеткіш. Қазір науқастар арасында бұрынғыдай қарттар емес, жастар көп. Қауіп күшейген соң, енді 1 қыркүйектен бастап тұрғындар жұмыс орнында да бетперде тағып жүретін болды. Бұл ережеге көбі түсіністікпен қарап жатыр. Өйткені шағын кеңселерде адам көп отыратын болса, вирусты жұқтыру қаупі жоғары. Алайда көшеге де бетперде тағып шығуға кімнің, қалай қарайтыны белгісіз? Мұндай талап ертеңнен бастап Тулуза қаласында енгізіледі. Басқа шаһарларда әзірге ондай шектеу жоқ. 

Антуан Граффео, жергілікті тұрғын:

– Бетпердені мүлде шешпеу - тым қатаң шектеу. Айналыңызда адам көп болғанда, бұл дұрыс әрине. Алайда жаныңызда ешкім жоқ болса, темекі шегіп тұрсаңыз, полицейлер кеп, бетпердеңіз қайда дегені енді тым артық.

Джон Бура, Лондоннан келген саяхатшы:

– Полицейлер мені бетперде тақпағаным үшін тоқтатты. Таңғалдым. Өйкені мен ғана емес, көп адам бетпердесіз жүр ғой. Себебі күн қатты ыстық.

Франциямен іргелес Испанияда да вирус жұқтырғандар саны артып барады. Мұнда соңғы тәулікте расталған деректер саны Франциямен шамалас. Ел астанасы Мадридте жаппай тестілеу жүріп жатыр. Бұл ауру белгілері жоқ науқастарды анықтау үшін қажет. Алайда тегін тексеруге қуанып жатқан тұрғындар жоқ. Өйкені олар 2 апта үйден шықпай отырғысы келмейді. Осы Мадридтегі кәсіподақтар ереуіл өткізуге дайындалып жатыр. Олар жаңа оқу жылы басталуға жақын қалды, алайда нақты шаралар әлі қабылданған жоқ дейді. Наразылық акциялары қыркүйектің басына жоспарланып отыр.

Испанияда жаңа оқу жылы ереуілдермен басталмақ

Хосе Рамон Мерино, мұғалімдер кәсіподағы конфедерациясының өкілі:

– Бастауыш мектепте бір сыныптағы бала саны - 25, ал жоғары сыныптарда тіптен 35-ке дейін бар. Олар арақашықтықты қалай сақтайды? Бізге ең алдымен сыныптағы балалар санын азайтуға тиіспіз. Сәйкесінше, мұғалімдерді көбейтуіміз керек. Билік 25 мың оқытушыны жұмысқа алу жоспары жайлы айтады. Алайда Италиямен салыстырғанда, бұл өте аз. Онда жаңа оқу жылына орай  84 мың ұстаз жұмысқа қабылданып қойған.

Вирустың екінші толқыны

Оңтүстік Кореяда коронавирустың екінші толқыны басталды. Соңғы аптада күніне 100-ден аса науқас тіркеледі. Қазір індет әсіресе ел астанасы Сеул мен Кёнги провинциясында өршіп тұр. Бұл жөнінде  бізбен тікелей байланысқа шыққан Сеулдегі тілшіміз Владислав Цой баяндасын

Негізі инфекция «Махаббат» шіркеуінен тараған. 15 тамыздағы ұлттық мереке кезінде осы шіркеудің пасторы адамдарды алаңға жинаған. Кейін 8500 адам коронавирусқа тестілеуден өтеді. Сөйтіп, 60 адамнан «КОВИД-19» анықталды. Ал «Махаббат» шіркеуіне келген 623 адам вирус жұқтырған. Қазір шіркеудің 700 қызметшісі дәрігерлерден қашып, тестілеуден бас тартып отыр. Шіркеу жабық тұр. Ғимаратты полиция күзетеді.

Сеул мэриясы 10-нан астам адам қатысатын митингтерге тыйым салды. Бұған дейін мұндай тыйым 100-ден астам адам жиналған митингтерге ғана қолданылған болатын. Әлеуметтік қашықтықтың үшінші деңгейі енгізілді. Клубтар, караоке барлар және басқа да ойын-сауық орындарына жұмыс істеуге тыйым салынды. Жаппай шаралар тоқтатылды. Заң бұзушылар шамамен 2500 доллар көлемінде айыппұл төлейді. Кореяның екінші ірі қаласы Пусанда барлық жағажай жабық. Соңғы аптада коронавирус Сеул және Кёнги провинциясының бір жарым мыңнан астам тұрғынынан анықталды. Ауруханаларда орын жетпей жатыр. Сондықтан жеңіл-желпі ауру жұқтырған науқастар үйінде емделеді. Соңғы 24 сағат ішінде COVID-19 288 адамнан табылды. Кореяда вирус жұқтырғандардың жалпы саны 16346. Қазір менде бар ақпарат осы.

Әрбір төртінші тұрғын індетпен ауырған болуы мүмкін

Ал Үндістанда жекеменшік зертханалардың бірі зерттеу жүргізіп, жаға ұстатарлық нәтижелерді жария етті. Оған сәйкес, елде әрбір төртінші тұрғын коронавирус жұқтырған болуы мүмкін. Мамандар соңғы 7 апта бойы 250 мыңнан аса адамды тексерген. Солардың 26 процентінде ауру анықталды. Енді жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 40 процентке дейін артуы мүмкін деген болжамдар да бар. Дегенмен ресми статисткадағы деректер өзгеше. Онда вирусты тек 2 миллион 900 мыңға жуық адамның жұқтырғаны расталған. Сарапшылардың айтуынша, індет көбіне белгі бермейді. Адам өзінің ауырғанын сезбеуі де мүмкін. Сондықтан ресми мәлімет пен зерттеу нәтижесінің арасындағы үлкен айырмашылықтың бір себебі осында болуы мүмкін, дейді мамандар.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы