420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда күзде өтетін парламент сайлауына халықтың дені қатыспауы мүмкін

  • 225
  • UPD: 14:34, 22.08.2020

Күзде қырғыз елінде парламент сайлауы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ оған сайлаушылардың бәрі қатыспауы мүмкін. Өйткені жұрт вирус жұқтырып алудан қауіптенеді. Бірақ ел билігі тұрғындар өз таңдауын емін-еркін жасауы үшін барлық сақтық шарасын ескереміз деп отыр.

Қырғызстанда коронавирустың екінші толқыны күзде басталуы мүмкін. Жергілікті дәрігерлер осылай дейді. Ал бұл уақытта дәлірек айтсақ, төртінші қазанда елде парламент сайлауы өтуі қажет. Тиісті жарлыққа мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков шілденің үшінде қол қойған болатын. Індет кесірінен көктемде өтуі тиіс болған сайлаудың кейінге қалдырылғанын ескерсек, сайлаушылардың күз мезгілінде Жогорку Кенеш үміткерлеріне дауыс беруге келіп-келмеуі де екіталай. Осыны анықтау мақсатында үкіметтік емес ұйымдар тұрғындар арасында сауалнама жүргізді.

Аида Суйундуева, сайлау жөніндегі сарапшы:

– Тұрғындарға коронавирустың екінші толқыны басталса, сайлауға қатысасыңдар ма деген сұрақ қойылды. Басым бөлігі иә деп жауап берді. 17,2 проценті дауыс беруден бас тартқан. Себебі денсаулықтарына алаңдайтын көрінеді. 

Қазір Қырғызстанда 3 миллион 386 мың сайлаушы бар. Олардың 17 процентін алсақ, бұл шамамен 576 мың азамат. Сайлау мерзімі жақындағанда олардың кейбірі бастапқы ойынан айнып, дауыс беруге қатысуы мүмкін. Бірақ дәрігерлердің болжамы расталып, коронавирус жаңа қарқынмен тарала бастаса, сайлаушылар алдында денсаулық па әлде саясат па деген таңдау тұрары анық. Жалпы, парламент сайлауын өткізу үшін ел бюджетінен шамамен 7 миллион доллардай қаржы бөлінген. Соның бір бөлігін Орталық сайлау комитеті сайлау учаскелеріне қойылатын қорғаныш құралдарына жұмсамақ.

Айнура Усупбекова, сайлау жөніндегі сарапшы:

– Бәрі орталық сайлау комитеті мен үкіметтің даярлығына байланысты. Қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте тұрады. Сол себепті Орталық сайлау комитеті сайлауға қатысты атқарылып жатқан дайындық жұмыстарымен ел азаматтарын мейлінше көбірек хабардар етіп отыруы керек.

Қырғыз заңнамасында Парламент сайлауы өтті деп танылуы үшін қандай да бір шек қойылмаған. Сайлау қорытындысы дауыс берген адамдардың санына қарай шығарылады. Дегенмен, әр партия Жогорку Кенешке өтуі үшін республикалық деңгейде жеті проценттік межеден асуы керек. Орталық сайлау комитетінің соңғы мәліметі бойынша, осы уақытқа дейін парламент сайлауына қатысуға барлығы 44 саяси партия өтінім білдіріпті.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы