424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия әлемде көгілдір отын қоры көп 35 елдің қатарына қосылды

  • 170
  • UPD: 23:12, 22.08.2020

Түркия өз жерінде табиғи газдың мол қорын тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл осы өнімнің 99%-ін шеттен импорттап отырған ел жаңа кенішті алдағы 3 жылдың ішінде іске қоспақ. Сөйтіп, газға жарымай отырған мемлекет әлемде көгілдір отын қоры көп 35 елдің қатарына қосылды.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркия тарихында ең ірі газ резерві табылғаны жөніндегі хабарды шетелдік және жергілікті ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Дегенмен, кеніш Жерорта теңізінде емес екен. Кеше ел президенті Режеп Тайып Ердоған көпті қуантқан жаңалықпен бөлісіп, қордың Қара теңізде екенін жария етті. Ердоған мәлімдемесінде осы Жерорта теңізіндегі дауды да ұмытқан жоқ.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Энергетика – дамудың басты факторы ғана емес, ұлттық егемендікті қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Жерорта теңізіне қатысты даудың да негізі осы энергетикалық кенді бөлісуде болып тұр.

Түркияның теңізден тапқан газ қоры 323 миллиард текше метр. Ел үшін бұл тарихи үлкен олжа. Өйткені мемлекет жылына шамамен 12-13 миллиард долларды газ импортына жұмсайды. Тағы бір айта кетерлігі, зерттеушілер әлі де шикізат табылатынын болжап отыр. Олардың айтуынша, кен орнының жалпы қоры 800 миллиард текше метрдей болуы мүмкін. Бұл да түрік елін 20 жыл бойы газбен қамтамасыз етуге жетеді.

Берат Албайрак, Қаржы министрі:

- Еліміздің тарихын өзгертетін оқиғаға куә болып отырмыз. Қуаныштымыз. Әрі мақтан етеміз. Бүгін біз энергетика саласында үшінші елдерге тәуелділіктен құтқаратын қадам жасадық.

Түркияда қазірге дейін Адияман, Чанаккале, Дүзже, Эдирне, Ыстамбұл, Кыркларели мен Текирдағ провинцияларында газ қоры табылған. Алайда, былтыр осы 7 аймақтан тек 37,8 миллион текше метр газ шығарылған. Бұл – Түркияның жылдық газ шығынының 0,63%-і. Қалған 99,37%-і шетелден импортталады. Сондықтан бұл жаңалық пандемиядан шаршаған халық үшін ақжолтай хабар болғаны сөзсіз.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы