426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Гаити мен Доминиканда «Лаура» дауылынан сегіз адам қаза тапты

  • 98
  • UPD: 13:10, 24.08.2020

Өткен сенбі күні Атлант мұхитында пайда болған «Лаура» тропикалық дауылы Доминикан Республикасы мен Гаитиге соғып, ойран салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүлей жел алдымен Гаитиді басып өтіп, табиғи апаттан 5 адам қаза тапты. Опат болғандардың арасында 10 жасар қыз бар. Дауыл кезінде үйге құлаған тал басып қалған. Қазір елде құтқару шараларымен бірге инфрақұрылым мен жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Ал, Доминикан Республикасында «Лаура» дауылынан 3 адам қаза тауып, 1 мыңнан аса тұрғын эвакуацияланды. Ұйытқыған жел талдар мен бағаналарды сындырып, 200-ден астам үй бүлінген. 1 миллионнан астам тұрғын жарықсыз қалды. Көптеген елді мекенді дауылмен бірге келген жауыннан су басқан. Бұл елде құтқару шаралары жүргізіліп, жапа шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр.

Джордж Куевас, жергілікті тұрғын:

- Дауыл тұрып, жаңбыр жауып, ақыр аяғы өзендер тасып, қаланы лезде су басты. Жергілікті билік өңірдегі өзендерді бақылап отырмыз, тасып кетпеуі үшін біраз жұмыс атқарамыз деп уәде беріп келіп еді. Енді не болды? Міне, қараңыздар үйімізді су алды. Күйімізді көріп тұрсыздар.

Ал, Гаити мен Доминиканды ойрандап өткен дүлей жел енді Куба мен АҚШ-қа қарай бет алған. Екі мемлекетте де қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Кубаның шығыс жағалауындағы төтенше жағдай қызметтері жоғары әзірлік жағдайына келітірілген. Дауыл алдымен осы өңірге содан кейін елдің қалған аймағын басып өтеді деген болжам бар. Ал, АҚШ-тың Луизина штатындағы бірқатар мекеннен адамдарды эвакуациялау басталды.

Хабар 24 телеарнасы