420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұхиттың арғы жағындағы елдер табиғи апаттан әбігерге түсті

  • 217
  • UPD: 19:47, 24.08.2020

Лаура тропикалық дауылы алдымен Гаитиде басталды. Табиғи апаттан 5 адам қаза болды. Опат болғандардың арасында 10 жастағы қыз бала бар. Оны дауыл кезінде құлаған тал басып қалған. Қазір елде құтқару шараларымен бірге инфрақұрылым мен жолдарды қалпына келтіру жұмыстары қатар жүріп жатыр.

Доминикан республикасында Лаура дауылынан 3 адам қаза тауып, 1 мыңнан аса тұрғын эвакуацияланды. Ұйытқыған жел талдарды тамыырмен қоса қопарып, бағаналарды құлатты. 200-ден астам үй қирған. 1 миллионнан астам тұрғын жарықсыз қалды. Дауылдан кейін жауын төпеп, көптеген елді-мекенді су басты. Елде құтқару шаралары жүргізіліп, жапа шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр. 

Джордж Куевас, жергілікті тұрғын:

- Дауыл тұрып, жаңбыр жауып, ақыр аяғы өзендер тасып, қаланы лезде су басты. Жергілікті билік өңірдегі өзендерді бақылап отырмыз, тасып кетпеуі үшін алдын алу шараларын жүргіземіз деп уәде беріп еді. Енді не болды? Міне, қараңыздар үйімізді су алды. Күйімізді көріп тұрсыздар. 

Гаити мен Доминиканды ойрандаған дүлей дауыл енді Куба мен АҚШ-қа бет алған. Екі мемлекетте де қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Кубаның шығыс жағалауындағы төтенше жағдай қызметтері жоғары әзірлік жағдайына көшті. Ал АҚШ-тың Луизиана штатындағы бірқатар аумақтан адамдарды эвакуациялау басталды. Бұл аздай, өңірге Кариб теңізінде түзілген Марко дауылы да беттеп келеді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Луизиана елді мекеніне бағыт алған тропикалық дауылдарды менің әкімшілігім бақылап отыр. Жоспар бойынша Марко ертең, Лаура дауылы екі күннен соң жетуі тиіс. Сондықтан Пуэрто-Рико мен Луизианада төтенще жағдай жариялауға рұқсат бердім. Жағалау күзеті апат салдарымен күресуге дайын. Тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілетін болады.  

АҚШ-тың төбесіне төнген қара бұлт бұл ғана емес. Калифорния штатында орман әлі өреніп жатыр. Табиғат апатынан 6 адам қаза тауып, 40 тұрғын жарақат алды. 700-ден астам үй өртеніп кетті. Тілсіз жаумен 14 мыңнан аса өрт сөндіруші күресіп жатыр. Алайда 3 мың шаршы шақырым жерді күлге айналдырған қызыл жалын ырық берер емес. Өрт қазір Сан-Франциско қаласына жақындап қалды. Жергілікті билік 120 мыңдай тұрғынды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдаған.  Өртті сөндіруге Ұлттық гвардия жұмылдырылды. Аймақ басшысы губернатор Гейвин Ньюсом елдің өзге штаттарымен бірге Канада, Австралия елдерінен де көмек сұрады. 

Холли Хансен, жергілікті тұрғын:

- Бізді бейсенбі күні эвакуациалады. Жиналуға 1 ақ сағат уақыт берді. Заттарымның барлығы үйде қалып қойды. Орман өрті бұл өңірдің тұрғындарын әбден әбігерге салды. Емін-еркін күн  кешуден қалдық. Қорқыныш басым. 

Түркияны табиғат апаты қыспаққа алды

Елдің солтүстік- шығысын жауын шыр айналдырса, оңтүстігі тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Гиресун провинциясына қарасты Дерели және Доғанкент аудандарында тасқын салдарынан 10-ға жуық үй қирап, 350-ден астам ғимаратқа зақым келді. Шаһардағы жолдарды лай басып ақлған. Соңғы ақпар бойынша, 7 адам қаза болып, 9 -ы із- түссіз жоғалған. Апат және төтенше жағдайды басқару басқармасының мәлімдеуінше, 157 адам құтқарылған. Аймаққа 1000-ға жуық құтқарушы келді. 1,23 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек берілген. 

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

Өкінішке орай, Гиресун мен оған қарасты аймақтарда іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы сияқты су тасқыны Ризеде орын алуда. Жарақат алғандар бар. Мемлекет ретінде, барлық зардаптарды жоямыз. Аймаққа үш бірдей министрді жібердік. Депутаттарымыз да сонда.

Адана провинциясында 28 сағаттан бері өрт сөндірушілер орманнан шыққан тілсіз жаумен күресіп жатыр. Қызыл жалын салдарынан ормандық алқапта орналасқан 8 елді- мекен тұрғындары толық эвакуацияланды. 600-ден астам гектар жер күлге айналды. Қазірше өрттің шыққан себебі белгісіз. 

Бекир Пакдемирли, ауыл шаруашылғы және орман министрі:

- 2 ұшақ, 19 тікұшақ, 35 көлік, 750 жұмысшымы өртпен күресіп жатыр. Жалын қайдан шықты дегенде «қасақана жасалуы мүмкін» деген пікірдеміз. Алайда қазір біз себебі емес салдарымен күресіп жатырмыз.

Хабар 24 телеарнасы