420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда той-думан агенттіктері жабылды

  • 232
  • UPD: 22:08, 24.08.2020

Өзбекстанда той-думан, мерекелік кештер өткізетін ивент-агенттіктердің ісі алға баспай тұр. Соңғы бес айда бір ғана Ташкенттің өзінде 350 ивент-агенттіктің тең жартысы жабылып қалды. Кәсіпкерлер енді  жергілікті биліктен 100 адамға дейін қатыса алатын той-томалақ пен мерекелік шаралар өткізуге рұқсат сұрап отыр.

Жасын Біркенов, тілші:

- Карантин Өзбекстандағы мыңдаған кәсіпорынды табысынан айырды. Бұлардың басына үйірілген бұлт бір күнде сейіле қоймайтыны анық. Пандемияға дейінгі тұрақты пайда көзіне кәсіпкерлер тек екі жылдан кейін бір қол жеткізеді, деп отыр сарапшылар. Оның өзі кідірмей жұмыс істейтін болса ғана бизнестің тасы өрге домалайды. 

Қазір күрделі кезең ивент-агенттіктердің де қос бүйірінен қысып тұр. Қаржы мәселесі қыспаққа алғанда Ташкенте осы салада еңбек ететін 350 кәсіпкердің тең жартысы жұмысын тоқтатты. 

Арсен Длянчев, Өзбекстан Event-агенттіктері қауымдастығының төрағасы:

- Карантиннің алғашқы екі аптасында ғана біз 500 мың доллар табыстан қағылдық. Алдын ала жоспарланған 150 шақты іс-шараны өткізе алмай қалдық. Ал соңғы бес айда шамамен тағы 250 мерекені ұйымдастыруға болушы еді. Қанша пайдадан айырылғанымызды енді есептей беріңіз. 

Арсен Длянчев басқаратын компания – Өзбекстандағы ивент-индустрияның көрігін қыздырып отырған ең ірі әрі мықты агенттік. Карантинге дейін жылына 500 шақты іс-шара ұйымдастыратын. Оның ішінде халықаралық инвестициялық форумдар, мемлекет басшыларының кездесулері бар. Енді бұлардың қарапайым той-томалақ өткізетін де қауқары жоқ. 

Арсен Длянчев, Өзбекстан Event-агенттіктері қауымдастығының төрағасы:

- Күн сайын кемі бір қызметкермен қоштасуға мәжбүрміз. Наурыз айынан бері біздің компанияда 87 қызметкердің 38-і ғана қалды. Алғашқы екі ай бойы ешкімді жұмыстан шығармай, еңбекақысын төлеп отырдық. Осылайша көтере алмайтын шоқпарды белімізге байлаған едік. Енді көп қызметкер қысқартуға ілікті.

Мемлекет тарапынан туризм, қоғамдық тамақтандыру салаларына салықтық жеңілдіктер жасалған. Бірақ ивент-индустрияға көмек көрсетуді ұмытып кеткен сыңайлы, дейді осы саланың мамандары.

Жасын Біркенов, тілші:

- Ивент-агенттіктердің өкілдері «бізге жеңілдік керек емес, тек жұмыс істеуге тыйым салмаса жеткілікті» дейді. Сол себепті жергілікті биліктен еңсесін тіктеп, аяққа нық тұру үшін 100 адамға дейін іс-шаралар өткізуге рұқсат сұрап отыр. «Бұл көл-көсір табыс әкелмесе де, жүдеп қалған индустрия ептеп ес жинай бастайды» дейді кәсіпкерлер.

Арсен Длянчев, Өзбекстан Event-агенттіктері қауымдастығының төрағасы:

- Сақтық талаптарын сақтай отырып, іс-шаралар өткізу жоспарын өзіміз құруға дайынбыз. Сондықтан біз Өзбекстанның сауда-өндірістік палатасының көмегіне жүгініп, біздің жоспарды Санитарлық-эпидемиологиялық комиссиямен келісуде сұрап отырмыз. Сосын осы тәртіппен бүкіл ивент-агенттіктер жұмыс істейтін болады.

Жасын Біркенов, тілші:

- «Қанша балгер құмалақ салса да, пандемия қашан аяқталатынын дөп басып ешкім айта алмайды. Сондықтан біздің кәсіптің жаңғыруы билікке байланысты» дейді іс-шаралар ұйымдастырушылар. Бүгінде бұл елде карантин салдарынан 700 мың адам жұмысын жоғалтқанын айта кету керек.

Авторы: Ж.Біркенов

Хабар 24 телеарнасы