426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та нәсілшілдікке қарсы ереуілдер қайта өршіді

  • 254
АҚШ-та нәсілшілдікке қарсы ереуілдер қайта өршіді

АҚШ-тың Висконсин штатындағы Кеноша қаласын жаппай тәртіпсіздіктер жайлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған полицейлердің афроамерикалыққа оқ атуы себеп. Наразылық акциясын ұйымдастырған жұрт көліктерді өртеп, тәртіп сақшыларына жандырғыш қоспасы бар бөтелкелерді лақтырған. Ал полицейлер көз жасаурататын газ қолданды.

Тәртіпсіздіктерге 23 тамызда Кеноша қаласында болған оқиға себеп. 29 жастағы Джейкоб Блейк есімді афроамерикалық бір-бірімен ұрысқан екі әйелді ажыратпақ болады. Оқиға орнына келген полицейлер ол көлікке отырмақ болғанда, арқасынан бірнеше мәрте оқ атқан. Куәгерлердің айтуынша, осы сәтте көлік ішінде балалар отырған екен. Қазір ер адамның жағдайы ауыр деп бағалануда. Тұтқындауға қатысқан полицейлер қызметінен уақытша шеттетілген. Оқиғаны тергеумен Висконсин штатының бас прокуратурасы айналысып жатыр. Ал Кеноша қаласында тәртіпсіздіктерге байланысты коменданттық сағат енгізілді. Шаһарға ұлттық гвардия жауынгерлері тартылған. Полицейлердің озбырлығына қарсы ереуілдер Луизиана штатында да өтіп жатыр. Өткен жұмада мұнда тәртіп сақшылары тұтқындау кезінде 31 жастағы қара нәсілді ер адамға оқ атып, салдарынан ол көз жұмған болатын. Жалпы АҚШ-та Джордж Флойдың қазасынан кейін мамырдан бері полицейлердің қатыгездігі мен нәсілшілдікке қарсы ереуілдер басылмай тұр. Жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты маусымда 40 қалада коменданттық сағат енгізілген.

Джон Антарамян, Кеноша қаласының мэрі:

– Кеноша қаласындағы оқиғаға қатысты тергеу әділ жүргізілуі тиіс. Сондықтан онымен үшінші жақ айналысу керек. Сондықтан тергеу амалдарын Висконсин штатының бас прокуратурасы жүргізеді.

Хабар 24 телеарнасы