420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та жұмысын жалғастырған мектептер қоғамда наразылық тудырды

  • 159
  • UPD: 13:48, 25.08.2020

Америкада алғашқы қоңырау соғылатын күн жақындаған сайын оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігіне деген алаңдаушылық артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рас, қашықтан білім алуға да болады. Ол әр оқушы мен ата-ананың еркінде.

АҚШ-тың бірнеше штатында жұмысын жалғастырған білім ордалары жергілікті жұртқа ұнамай қалды. Тіпті қоғамда наразылық тудыруда. Оның себебі де бар. Алғашқы аптаның өзінде мектептерде қауіпті вирус жұқтырғандар саны зәреңізді ұшырады. Бір ғана Джорджияның өзінде, 2000 мыңнан астам оқушылар мен мұғалімдер алғашқы оқу аптасынан кейін карантинге жіберілді. Өзге штаттарда да жағдай мәз емес. Оқушылардың қауіпсіздігі масқа тағумен ғана шектелмейді. Ең әуелі мептептердің барлығын тиісті деңгейде қаржыландыру керек дейді сала мамандары.

БЛИЦ:

– Бізді оқушылардың қауіпсіздігі алаңдатады. Менің мектебімнің жағдайы пандемияға дейін де мәз емес еді. Дәретханалардың ішінде қарапайым сабын да болмады. Сыныптар өте кішкентай, ал оқушылар саны көп. Оның үстіне бірнеше әріптестерімізді жұмыстан шығарып жіберді. Меніңше, қосымша қаржыландыру қажет, сауатты мамандар да керек. Сонда ғана мектептің жағдайы жақсарады.

– Көптеген ата-ана балаларын мектепке жібергісі келмейді. Себебі кішкентай жеткіншектердің екі метрлік әлеуметтік арақашықтықты сақтауы мүмкін емес. Бетперде тағып жүреді дегенге де сенбеймін.

Мектептердегі желдету жүйесі сын көтермейді. Ол да өзекті мәселе. Оқушылардың қоғамдық көлікпен жиі қатынауы да вирустың таралу қауіпін арттырады. Біз атаған қиындықтар салдарынан Теннеси, Лузиана, Джорджия және Оклахома сияқты штаттардың губернаторлары, алғашқы оқу аптасынан соң мектептерді қайта жауып, қашықтан оқытуға көшу жайында шешім қабылдады.

Айта кету керек, мектептерден бөлек, Жоғарғы оқу орындарының әкімшілік қызметкерлері жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүгізуде. Вирусты жұқтырған студенттерді тез арада анықтау үшін әрбір шәкірттің қадамын бақылайтын және қандай ғимаратқа кіргенін көрсететін электронды қосымшалар қолданылады деп күтілуде. Ең бастысы студенттердің өздері вирус жұқтырудың қаншалықты қауіпті екендігін түсініп, анық ұғынуы керек дейді Гарвард Университетінің профессоры Ховард Кон.

Говард Кон, Гарвард университетінің қоғамдық денсаулық сақтау профессоры:

– Жоғарғы оқу орнындағы әкімшілік күнделікті ақпаратты қарап отыру керек. Бұл өте маңзды. Оған қоса, өзге мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, кеткен қателіктерінен сабақ алуымыз керек. Студенттердің өздері мүмкіндігінше жатақхана, асхана сияқты қоғамдық орындардан мейлінше аулақ жүрсе немесе өте абай болуы тиіс.

Ресми ақпарат бойынша, коронавирус жұқтырған америкалықтардың 450 мыңға жуығы, яғни ауырғандардың 8 процентін оқушылар құрайды. Бұл көрсеткіш күн санап өсіп келеді. Әсіресе солтүстікте орналасқан қалаларда қауіпті вирус жұқтырған оқушылардың саны жоғары.

Талғат Алманов, тілші:

– Нью Йорк қаласындағы мектептерде алғашқы қоңырау 10 қыркүйекке белгіленген. Ал сәуірден бері жабық тұрған мына Нью Йорк Университінің есіктері 2 қыркүйектен бастап қайта ашылады. Жаңа оқу жылында студенттер мен оқушылардың қауіпсіз білім алуы үшін бірқатар жұмыс жүргізіліп, жаңаша оқу әдісі қолданылады дейді қала әкімшілігі. Дегенмен бұл өзгерістердің пандемия уақытында қаншалықты оң нәтиже беретіндігін уақыт көрсетеді дейді денсаулық сақтау мамандары. Бір анығы, биылғы оқу жылы өзгеше болғалы тұр.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы