426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропада коронавирус қайта күшейіп барады

  • 149
  • UPD: 21:58, 25.08.2020

Мұндағы бірқатар елдер шектеу шараларын қатаңдата бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Испанияда 10 адамнан артық жиналуға тыйым салынып, оқу орындарында жаппай тестілеу басталды. Германия өз азаматтарын Парижге саяхаттап барудан бас тартуға шақырды. Себебі Францияда өткен демалыс күндері бес мыңнан астам науқас анықталған. Ал, Италия болса, еріктілерге вакцина егуді бастады. 

Испанияда соңғы тәулікте 2060 адамнан коронавирус анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, елде жалпы дерт жұқтырғандар саны, осылайша, 405 мыңнан асып отыр. Оған себеп – үш айлық шектеу шараларының жеңілдеуі. Карантин тәртібі босаңсыған соң вирус та қайта бас көтере бастаған. COVID-19 әсіресе, Каталонияда дендеп барады. Дүйсенбі күні мұнда 1776 тұрғыннан вирус табылды. Осыған орай билік шектеу шараларын қайта күшейтті. Өңірде тұрғындардың он адамнан аса жиналуына болмайды. Сондай-ақ оқушылар мен студенттер жаппай тестілеуден өтеді.

Фернандо Саймон, Испания медициналық орталығының жетекшісі:

- Ауру жұқтырғандар саны артып келеді. Алдыңғы шарықтау шегіндегідей. Өлім-жітім көп емес. Десе де, осы қарқынмен кесел дендесе, қайта бұрынғы қалпымызға келеміз. Сол үшін тестілеуді вирус ошағы болған жерлерде жаппай жүргізіп жатырмыз. Тұрғындар алдыңғы сценарий қайталанбас үшін жауапкершілікті сезінуі керек.

Жағдай Францияда да мәз емес. Елде кесел күн санап дендеп барады. Тіпті Германия және көршілес Еуропа елдері өз азаматтарын Париж бен Лазур жағалауына бармауға шақырды. Францияда кеселдің жаңа ошағы оңтүстіктегі танымал шипажайда тіркелді. Соңғы аптада мұнда келген жүздеген туристен вирус анықталған

Германияда соңғы тәулікте екі мы мыңнан астам адам қауіпті дертке шалдықты. Денсаулық сақтау министрлігі бұл статистика сәуір айынан бері болмаған жоғарғы көрсеткіш деп отыр. Кесел елдің батысында, оңтүстігінде және Берлинде дендеген. Оған демалыс маусымы себеп. Осыған қарамастан, Галле университетінің медициналық орталығы еркітілермен бірлесіп концерт өткізді. Мұндағы мақсат – зерттеу жүргізу. Демалыс күнгі бұл іс-шараға 1500 волонтер қатысты. Осы арқылы ғалымдар қауіпсіз мәдениет шараларын қалай өткізуге болады соны анықтамақ.

Фан Штефан, ұйымдастырушы:

- Біздің мақсатымыз – тұрғындардың қалыпты өмірге тез оралуы. Бұрынғыдай спорттық және мәдениет шараларына барып, көңіл көтеруі. Бұл концертке қатысқан барлық волонтерден тест алынады. Біз барлығына шара басталмас бұрын бетперде мен антисептік тараттық. Эксперимент нәтижесімен алдағы уақытта бөлісеміз.

Италияда науқастар саны қайта көбейді. Соңғы тәулікте тағы 1000-ға тарта тұрғыннан коронавирус анықталған. Кеселдің қайта дендеуіне байланысты вакцинаны сынақтан өткізу жұмыстары тездетілді. Ладзаро Спаланцани атындағы инфекциялық аурулар ұлттық институты ойлап тапқан екпені еріктілерге салу басталды. Егер сынама сынақтан сәтті өтсе, көктемде жаппай өндіріле бастайды.

Хабар 24 телеарнасы