421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада карантин қарашаға дейін ұзартылды

  • 137
  • UPD: 11:16, 26.08.2020
Украинада карантин қарашаға дейін ұзартылды

Эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты Украина билігі карантинді бірінші қарашаға дейін ұзартты. Дегенмен, оқушылар сабақты онлайн емес, мектепте оқитын болады. Өйткені интернет қалада бар болғанымен, шалғай жердегі аудан мен ауылдарда толық қосылмаған.

Коронавирустың таралуы Украинада әлі тыйылмай тұр. Әсіресе соңғы екі аптадағы көрсеткіш бойынша бір тәулікте вирус жұқтырғандардың саны екі мыңнан асып жығылған. Сондықтан тамыздың 31-інде аяқталуы тиіс шартты карантин тағы да екі айға ұзартылатын болды. Алайда көп талқыға түскен мектеп мәселесі өз шешімін тапты. Украина оқушылары сабақты онлайн емес, білім ордаларында оқитын болды. Мыңдаған ата-ана президент Зеленскийге өтініш жазып, оқу жылының мектепте өтуін өтініп сұраған. 

Максим Степанов, Украинаның денсаулық сақтау министрі:

- Бастауыш мектеп оқушыларына респиратор және маскасыз жүруге рұқсат етілмек. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауруы асқынған аудандарда мұғалім маска киетін болады, қауіпті аймақтарда дистанция мәселесі сақталуы тиіс. Оқытушылар жұмысқа дене температурасы тексерілгеннен кейін ғана кіріспек. Оқушыдан коронавирус анықталса, барлық сынып белгілі бір уақытқа оқшауланады. 

Ел билігі коронавирус ауруы асқынып тұрған елдердің азаматтарын 30 күн бойы Украинаға кіргізбеу жөнінде қаулы қабылдады. Бұл тыйымның  транзиттік көлік жүргізушілері мен гуманитарлық миссия өкілдеріне қатысы жоқ. Атап өту керек, тамыз айында Израильден Украинаның Умань қаласына қажылыққа келген хасидтердің саны күрт өскен, үкімет осыған байланысты  шет елден ағылған адам санына шектеу қою қажеттігін алға тартып отыр. 

Дмитрий Кулеба, Украинаның сыртқы істер министрі:

- Украина азаматтары үшін 38 мемлекеттің шекарасы ашық. Бір аптаның ішінде рұқсат берген елдердің саны тағы төрт мемлекетке артты. Мысалы, Армения елі шекарасын ашты, алайда украиналықтар 14 күндік оқшаулаудан өтуі тиіс. Украина сыртқы істер министрлігінің сайтында онлайн карта бар, мұнда мемлекеттер жайлы ақпарат үнемі жаңарып отырады. 

«Украина азаматтарының әлеуметтік жауапкершілігі аз» деп дабыл қағады денсаулық сақтау министрлігі. Маска киіп жүру әдебі әлі толық қалыптаспаған, дистанция мәселесі де көп жерде сақталмайды. Карантинге қарамастан ең ірі діни шара тамызда ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, 5 мыңға жуық адам Каменец-Подольск қаласынан Почаев Лаврына жыл сайынғы қажылыққа арнайы келген. Олардың арасында қарт адамдар көп болған, бес күн ішінде мыңдаған адам 200 шақырымдық жолды жүріп өткен. Билік болса, шара ұйымдастырушысы – шіркеуді жазалай алмайды, өйткені олар «біз ешкімді шақырған жоқпыз, діндарлар жолға өз еркімен шыққан» дегенді айтады. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы