429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда коронавирус жұқтырғандардың саны артты

  • 229
  • UPD: 21:57, 26.08.2020

Коронавирус жұқтырғандар Түркияда да көбейіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте 1502 адамнан дерт анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, елде 261 мыңнан астам адам жұқпалы ауруға шалдыққан. Оның 6 мың 161-і көз жұмса, 238 мыңнан астамы жазылып шықты.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Той- томалақ, жастарды әскер қатарына шығарып салу, жаназа... Түркияда коронавирус осындай көпшілік жиналатын жерлерде белең алып отыр. Үкімет талай рет ескертіп, сақтық шараларын күшейтті. Дегенмен жауапкершілікті ұмытып, шектеуге құлақ аспайтын азаматтар аз емес. Салдарын коронавирус статистикасынан байқауға болады.

Соңғы тәуліктерде науқас саны көбейген. Жансақтау бөлімінде ем қабылдаушылар қатары да күн санап артып келеді. Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа да осы жағдайға назар аударып отыр. Сондай-ақ азаматтарға бір күндік коронавирусты анықтау жөнінде сынама саны едәуір артып, 98 мыңға жақындады. Нәтижесінде, 1502 адамнан COVID-19 анықталды. 24 науқас бұл өмірмен қош айтысты. Ал қатерлі індеттің эпидемологиялық жағдайын айқындайтын айыққандар саны жұқтырғандардан төмен. Сақтық шараларын орындамау күннен күнге вирустың одан әрі артуына себеп болып отыр.

Эрол Көксал, тұрғын:

- Жарты жылға жуық уақыттан бері адам қарасы көп шоғырланатын жерлерге бармауға тырысамын. Себебі менің жасымдағы кісілер үшін қауіп тым жоғары. Арты өлімге әкелуі мүмкін. Маскамен жүру де оңай емес. Тыныс алу қиын. Оның үстіне көзілдірік буланып кете береді. Сақтық шараларын ұстанбай жүргендердің кесірі бізге қатты тиіп отыр.

Левент Чам, тұрғын:

- Індет бүгін-ертең бітпейді. Вирусқа қарсы вакцина табылмайынша, барынша қорғанып жүруге мәжбүрміз. Үкіметтің қабылдаған шараларын орындауға міндеттіміз. Өйтпеске амал жоқ. Вирус біздің саулығымыз бен тұрмыстық жағдайымызға қауіп төндіріп тұр.

Соңғы өткен министрлер кабинеті отырысында да күн тәртібінде талқыланған басты мәселелердің бірі – елдегі эпидемологиялық жағдай. Карантиндік шараларды күшейту қажеттілігі де айтылды. Ең бастысы той-думан, жаназа рәсімдерін бақылауды күшейту қажет екені сөз болды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Бұл кезеңде барлық қоғамдық шараны тоқтатайық. Телефон арқылы көңіл айту, құранды қашықтан оқу теңдей нәтиже береді. Демалысымызды қысқа әрі оқшаулау түрінде өткізген абзал. Қалыпты өмірге толықтай өту үшін коронавируспен соңына дейін күресу керек. Науқастар мен көз жұмғандар санын ең төменгі деңгейге түсіргенге дейін ешқайсысымызға жайлы өмір мен қауіпсіздік жоқ.

Сақтық шараларының күшейтілуіне тап осы көріністер себеп. Елдегі ең көп науқастар тізімін бастап тұрған – Диарбакырда карантинге бағынбай, бетпердесіз жүргендер көп. Бурса провинциясында үш тойда 42 адам вирус жұқтырып, 150-ге жуық адам бақылауға алынған.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда ең маңызды мерекелердің бірі – 30 тамыздағы Жеңіс мерекесінің тойлануына де шектеу қойылды. Елдің ішкі істер министрлігі ұлттық мейрамды көпшілікпен атап өтуіне тыйым салды. Ал курорттық аймақтарда эпидемологиялық жағдай тұрақты. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, шілде айында бір ғана Анталияның өзіне 1 миллионға жуық турист келген.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы