426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңа оқу жылын әлем елдері әртүрлі қарсы алмақ

  • 210
  • UPD: 20:58, 27.08.2020

Францияда кейінгі тәулікте коронавирус жұқтырудың 5 мыңнан аса дерегі расталды. Бұл сәуірдің ортасынан бері бір күнде тіркеліп отырған ең үлкен көрсеткіш. Алайда соған қарамастан мұнда мектептерді қайта ашуға дайындық қызу жүріп жатыр. Сөйтіп, 1 қыркүйекте 12 миллионнан аса оқушы партаға қайта отырады. Жаңа оқу жылына орай мұнда жаңа ережелер қабылданды.

Жан-Мишель Бланке, Франция білім беру министрі:

- Жаңа ереже бәріне түсінікті болу керек. Мектепте жүрген ересектердің бірі қалмай бетперде киюі керек. Бұл ортаңғы және жоғарғы сынып оқушыларына да қатысты. Бір ай бұрын бұл шараны жеңілдету туралы мәселені талқылағанымыз рас. Алайда ойлана келе «бетпердені шешпеу ең дұрысы» деген шешімге келдік. 

Қазір вирус Испанияда да қайта өршіп барады. Мұнда мектептердің ашылуына қатысты дәрігерлер емес, мұғалімдер алаңдаулы. Бұған дейін олар оқушылардың барлығы коронавируске тест тапсырсын деген талап қойған еді. Алайда билік оған қатысты әлі үн қатқан жоқ. Ал осы Испаниядағы Каталония аймағының басшылығы эпидемиологиялық ахуалды бағалау үшін оқушыларды тексеруге ниетті екендерін айтты. Сөйтіп, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жергілікті мектептерде жарты миллионға жуық тест жүргізіледі.  

Ұлыбритания билігі «мектептер қайткен күнде де ашылу керек» деп отыр. Олар балалар үшін білім беру саласындағы түйткілдер салдары коронавирустан да ауыр болуы мүмкін дейді. Биліктің алаңдауы бекер емес. Жазда жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұнда 10 миллионға жуық британдық оқушының 20 проценті қашықтан оқу кезінде үлгерімі төмендеген. Осы Ұлыбританияда коронавирусқа байланысты университетке қабылдау емтихандары алынып тасталды. Орнына бағаларды болжау алгоритмі қолданылған. Алайда соның салдарынан кейбір студенттердің  нәтижелері күткендегідей емес, төмен болып шыққаннын айтады. Қоғам тарапынан сынға ұшырғандықтан, билік бұл жүйеден бас тартып, ресми түрде кешірім сұрады. 

Панчо Льюис, Вестминстер қалалық кеңесінің өкілі:

- Билік қаншама жастың өміріне балта шапты. Үкімет шешімнің қате екенін түсініп, бұл жүйеден бас тартты. Бұл дұрыс. Алайда жағдайды осыған жеткізбей, бәрін алдын ала ойластыруға болмас па еді? 

Оңтүстік Кореяда оқушылардың жартысына жуығы қашықтан білім алады. Оған елде коронавирустың екінші толқынының басталуы мен Сеул мен Кёнги провинциясының індеттің негізгі ошағына айналуы себеп. Осыған байланысты аталған аймақта сабақтар толығымен тоқтаған. Қазір елде онлайн білім алу қалай жүріп жатыр?  

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда жаңа оқу жылы Қазақстандағыдай қыркүйекте емес, наурыз айында басталады. Бірақ коронавирус салдарынан оқушылар сабаққа тек мамырда ғана кірісті. Дәл сол кезде елде онлайн білім алу төңірегінде үлкен дау туған болатын. Ақырында білім министрлігі оқушылар мектепке баруы керек деген шешім қабылдады. Бірақ ол үшін «барлық санитарлық ережелер қатаң сақталуы тиіс» деген талап қойды. Яғни балалар мектеп қабырғасында маска киюге міндеттелді.  Одан бөлек әр парта пластик қалқанмен қоршалған. Оған тек бір оқушы отыруы керек. Бірақ бұл шаралар ата-аналардың көңілін орнына түсірді деуге келмейді. Өйткені бастауыш сыныптардағы балалар арасында арақашықтықты сақтау өте қиын. Сөйтіп, оқушылар арасында вирус жұқтыру деректері анықталды. Індет өршіген жерлерде сабақтар мүлдем тоқтатылады. Сондай аймақтардың бірі Сеул мен Кёнги провинциясы. Бұл өңірлерде сабақ қыркүйектің 11-іне дейін онлайн арқылы жалғасады. Содан кейін ғана мектептерді қайта ашу немесе қашықтан оқыту форматын ары қарай жалғастыру туралы шешім қабылданады. Ол бірінші кезекте коронавирус төңірегіндегі ахуалға байланысты, әрине. Айта кетейік, Кореяда оқушылардың білім алуына қажетті құрылғылардан қиындық жоқ. Өйткені ата-аналар балаларының балабақша табалдырығын аттаған кезінен смартфон мен планшет алып береді. Ал аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды қажетті гаджетпен қайырымдылық ұйымдары қамтамасыз етеді. Басты қиындық, онлайн оқыту кезінде балаға қарайтын адам жоқ. Себебі бәрі жұмыста. Бірақ бір айта кетерлігі, Кореяда эпидемиологиялық ахуал нашарласа, мектептер ғана жабылып қоймай, ірі компаниялар да қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Сондықтан ата -аналардың біразы үйінде болады. Ал онлайн білім алу жағы қалай? Осы жайлы Сеул мектептерінің бірінде білім алатын оқушыдан сұрап көрген едік. 

Чон Ханыль, оқушы:

- Мектепке барып жүрген кездерім жақсы еді. Достарыммен әңгімелесіп, дәлізде ойнаушы едік. Оның үстіне бұрын бүгінгідей көп оқымайтынбыз. Қазір достарыңмен сөйлесіп, бірге ойнауға мүмкіндік жоқ. Сабақтың бәрі онлайн. Түсінбей қалсаң мұғалімге қоңырау шаласың не хат жазып жібересің. Соған қарамастан онлайн сабақтың жақсы ештеңесі жоқ.

- Оңтүстік Корея мектептері онлайн оқыту қалай дайындалды? 

- Мұндағы мектептерде  интернеттің жылдамдығы өте жоғары. Бірақ ұстаздар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйенер болсақ, мұғалімдердің 83 проценті қашықтан оқыту форматы дәстүрлі білім беру үлгісімен салыстыруға келмейді. Яғни «оқушылармен қажетті деңгейде кері байланыс жоқ» дейді мұғалімдер. Өйткені онлайн форматта бірден 20 балаға сабақ беру оңай емес. Ал егер әр сыныпта 10 баладан отырса, онда мұғалімге ауыр соғады. Сәйкесінше педагог мамандардың штатын ұлғайту керек болады. Бұдан бөлек сауалнама кезінде оқытушылардан коронавирус кезіндегі білім беру жағы да сұралған. Ұстаздардың айтуынша, балаларға ұзақ уақыт бойы маскамен жүру қиынға соққан. Сондай-ақ сыныпта 20 баланың отыруы көптеу екенін жеткізген. Онлайн оқыту туралы пікірлер осындай.

Оңтүстік Корея кей білім беру мекемелерінің ғана жұмысын тоқтатса, Мьянма билігі елдегі бар мектепті жауып тастады. Өйткені соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың жаңа 70 дерегі тіркелген. Сөйтіп, расталған оқиғалар саны 600-ге жуықтайды. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш екені түсінікті. Дегенмен, статистика мұнда бір апта ішінде деректер саны бірден 35 процентке артқанын көрсетіп отыр. Биліктің мектептерді жауып, алаңдауы да осыдан.

Хабар 24 телеарнасы