420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада тұрмыста тұтынатын газ 45% қымбаттады

  • 124
  • UPD: 08:16, 28.08.2020

Бірінші қыркүйектен бастап Украинада тұрмыста тұтынатын газ 45 процентке қымбаттайтын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар бағаның өсуіне жаз мезгілінің аяқталуы және жылыту маусымының жақындауы сепбеп дегенді алға тартады. Дегенмен жергілікті тұрғындардың газды несиеге немесе алдын ала төлем жасап сатып алуға мүмкіндігі бар.

Көгілдір отынның бір текше метрі – 17 цент, жаңа жылыту маусымында Украина тұрғындарын осындай газ бағасы күтіп тұр. Бұл отынның бүгінгі құнынан 1,5 есеге артық. Газ бағасының 45 пайызға артуы трейдер, яғни газ тасымалдаушы мен тұтынушы арасында келісімшарт жасаған тұрғындарға тікелей қатысты болып тұр. Ал жылдық келісімшарт бойынша газ сатып алатындар үшін тұрмыста қолданылатын отынның текше метрі 10 пайызға ғана артып, 19 центке көтерілмек. Сондықтан сала мамандары тұрғындар үшін газды алдын ала сатып алғаны тиімді деп пайымдайды.

Геннадий Кобаль, халықаралық консалтингтік компанияның директоры:

- Жылыту маусымында тұтыну үшін газды қазір сатып алуға болады. Отынды алдын ала сатып алғандар үшін баға қымбатқа түспейді. Өйткені газ бағасы құбылмалы, сондықтан отынды көп мөлшерде тұтынатындар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Газды бір емес бірнеше компания ұсынады, сондықтан тұтынушының таңдау құқығы бар. Электр мен газды бірге сатып алуға, сондай-ақ газ бағасын бөліп төлеуге де болады.

Жылдық тариф бойынша келісімшарт жасамас бұрын, газ жеткізуші компания барлық шығынды да қоса есептейтін болады. Газ плита мен қазандықтың сапасы да ескеріледі. Ал жылыту маусымы кезінде газ бағасымен қатар, тасымалдаушы компанияның қызметін де төлеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік аз қамтылған жанұялар үшін мемлекеттен жәрдемақы қарастырылмақ. Сондай ақ газды кредитке алу жолдары ұсынылады.

Петр Билян, «Энергобизнес» журналының аға редакторы:

- Газ бағасын төлей алмайтындар мемлекеттен көмек сұрайды. Сондықтан отын бағасы нарыққа сай болғанмен қызмет түрі әділетті болуы керек. Алайда ешқандай ақша төлеуге мұршасы жоқ жанұялар көп. Мемлекет бұл жандарға қаржылай көмек бере ала ма, жоқ па? Бұл сұрақтың басы ашық.

Украинаға мұнай және мұнай өнімдерінің 80 пайызы шет елден тасымалданады. Сондықтан мұндағы газ бағасы өте құбылмалы келеді және көбінесе көгілдір отынның құны Еуропа елдерімен бірдей. Алайда Украина тұрғындары өткен жылдағыдай қысымыз жылы болады деп үміттеніп отыр. Күн райы аязды болмаса, тұрғындар да, мемлекет те отынды әлде қайда аз тұтынатыны мәлім.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы