424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстандық талапкерлер емтиханды ашық аспан астында тапсырады

  • 146
  • UPD: 10:43, 28.08.2020

Коронавирус өзбекстандық талапкерлердің өміріне елеулі өзгеріс енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғары оқу орындарына түсу үшін мектеп түлектері биыл емтиханды алғаш рет ашық аспан астында тапсырады.

Жасын Біркенов, тілші:

– Коронавирус талапкерлерге де жаңа талап қойды. Биыл олар ЖОО түсу үшін емтиханды алғаш рет ашық аспан астында тапсырады. Университеттердің дәрісханаларын стадиондар мен саябақтар алмастырмақ.

Университеттердің ғимараттары эпидемиологиялық талаптарға сай болмағандықтан, биылғы тестілеу осылай өтпек. Бұл – вирустан сақтану мәселесін шешудің төте жолы дейді билік өкілдері.

Джамшид Абдураимов, Шайхантахур ауданы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

- Емтиханды ашық аспан астында өткізуіміз бекер емес. Әлемді қатерлі індет жайлаған заманда жабық ғимараттардың ішінде тест тапсыру қауіпті. Өйткені бұл жерде вирус жұқтыру қауіпі әлдеқайда жоғары болады.

Ел билігі далада емтихан тапсыру үшін 65 орын дайындап қойған. Оның 40 шақтысы – стадиондар. Қазір мұнда бейнебақылау камералары қойылып, күннен қорғайтын шатырлар орнатылуда.

Джамшид Абдураимов, Шайхантахур ауданы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

- Балаларды күннен қорғау үшін тор тартып, шатырлар тігуді көздеп отырмыз. Ташкентте аптап ыстық болатынын жақсы білесіздер. Сол себепті ауыз су таратуды да қолға алмақпыз. Сайып келгенде, емтихан тапсыруға еш кедергі болмайтындай жағдай жасауымыз тиіс.

Хадиша Асамходжаева, талапкер:

- Емтихан тапсыратын күнім белгілі болды. Сынақтан қыркүйектің 4-і өтемін. Биыл тест ашық аспан астында болатыны жақсы болды. Төрт қабырғаға қамалып, сұрақтарға жауап беріп жатсаң, белгілі бір қысым көрсетілетіндей күйде боласың. Ал таза ауада миын тынығады. Тапсырмаларды орындауға жеңіл секілді.

Сынақ қыркүйектің екісі басталып, екі апта бойы өтеді. Биыл жоғары оқу орындарына түсу үшін 1,5 миллиондай түлек құжат тапсырған екен. Биыл университетте оқу үшін республика бойынша 162 мың квота бөлінген.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы