420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехия бюджетінің бүйірі тесілді

  • 192
  • UPD: 11:48, 29.08.2020

Чехия халқы келесі енгізілетін карантиннен үрейлі. Тұрғындар індет жұқтырудан емес, қаржысыз қалудан қорқады. Елдегі ірі статистикалық агенттік жүргізген сауалнама барысында коронавирустың бірінші толқыны халықтың кірісін азайтып, 40 процентінің жинаған қорын түгескені анықталды. Сондай-ақ тұрғындардың көпшілігі кедейлік шегінде өмір сүріп жатса, жүз мыңдаған адам күнделікті қажет тамақтарын сатып алумен шектеліп отырған көрінеді. Тұрғындар жуырда карантин шаралары жеңілдетілген кезде жұмысқа шығып, материалдық жағдайларын жақсартамыз деп ойлаған еді. Алайда өткен аптада билік өкілдері індет жұқтырғандардың саны көбейе түссе, қайтадан каранатин енгізілетіні туралы ескертті.

Чехияның еңбек секторындағы проблема сәуір айында басталды. Ол кезде елде қатаң карантин енгізілген де жоқ болатын. Алайда көптеген кәсіпорындардың жұмысы тәулігіне 4 сағатқа дейін қысқарды. Тіпті дағдарыстың қыспаққа алатынын алдын ала болжаған кейбір компаниялар қызметкерлерін еңбек демалысына жіберіп жұмыс орындарын жауып тастады. Сол кезде сауда мен қызмет көрсету саласының еңбеккерлері зардап шекті. Тұрақты жалақыдан айырылған және екі қолға бір күрек таппағандар банкідегі салымдары мен жинақтарын ала бастады. Бүгінде салымшылардың тең жартысының қоры түгесілуге жақын.      

Патрик Шкара, экономист:

- Наурыз айында көптеген экономистер негізгі проблемаларды күзде әдеттегі өмірге қайта оралған кезден күту керек деген еді. Міне Чехияда жұмыссыздық рекордты деңгейге жетті. Билік өкілдері кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік енгізбек, бірақ бұл жеткіліксіз. Қазірде фермерлік шаруашылықтар өлімші халде. Қызмет көрсету саласы да шатқаяқтап тұр. Қаншама адам жұмыссыз жүр. 

Жүргізілген сараптама барысында Чехия халқының жартысынан көбі қаржылық күйзеліс жағдайын бастан кешіруде екені анықталды. Алты жүз мыңға жуық адам жиған ақшаларының енді бір айға ғана жететіндігін айтқан.

Боржек Клас, саяси шолушы:

- Қазір жағдай бірқалыпты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ірі компаниялар жұмыс орнын сақтап қалды. Халық ақшасын үнемді жұмсап, өте қажет деген заттарын сатып алуда. Өмір өз ағысымен өтіп жатыр. Дегенмен, күзде қиын болады. Чехиялық отбасылардың 40 процентке жуығы пандемияның салдарынан кірістерінен айырылды, 5 проценті мүлдем тақырға отырса, тұрғындардың 10 проценті мемлекеттік қолдауға тәуелді болып отыр. 

Бұл мәселенің қалай шешілетіні туралы билік өкілдері әзірге жақ ашқан жоқ. Соңғы мәлімдемеде коронавирустың екінші толқыны басталған жағдайда қайтадан карантин енгізілетіні туралы ескертілді. Парламентте кірістер мен жинақтаған қаржыларының мәселесі күрделі екендігін, бірақ келесі сессия отырысында проблеманы шешу мен тығырықтан шығатын жолдарды айтуға уәде берді. Алайда чехиялықтардың күзден көңілдері күпті. Өйткені халықты қолдау үшін дағдарысқа қарсы қабылданған көптеген жеңілдіктер тоқтатылады. Сол кезде адамдар жұмыс та таппай, өтемақыдан қағылатын болады.

Авторлары: Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Нэвид

Хабар 24 телеарнасы