424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда мектептер 14 қыркүйекте ашылады

  • 180
  • UPD: 20:10, 29.08.2020

Өзбекстандық оқушылар үшін жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы қыркүйектің 14-і соғылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік сабақты осы күні бастауды жөн көріп отыр. Биыл 6 млн-нан астам оқушы мектепке барады.

Алайда білім ошақтарының 22 процентінде тіпті қол жууға да жағдай жасалмаған. Індет өршіп тұрған кезде бұл мәселе халықаралық ұйымдарды қатты алаңдатып отыр.

Жасын Біркенов, тілші:

– Өзбекстан жаңа оқу жылын бастаудың әу баста үш жолын әзірліп қойған еді. Коронавирус жұқтыру қарқыны төмендесе, билік мектепке барып оқуды рұқсат етпек болатын. Ал эпидемиялогиялық ахуал тұрақталмайтын болса, балалардың қашықтан білім алуы да қарастырылған.

Енді алғашқы қоңырау мектепте де сыңғырлайды, онлайн да соғылатын болды. Оның себебін Білім министрі былай түсіндіреді.

Шерзод Шерматов, Өзбекстанның халықтық білім министрі:

– Біз жаңа оқу жылын бастаудың үшінші жолын таңдадық. Демек мектепте оқуға рұқсат берілсе де, ата-аналар балаларын үйде қалдыруға құқылы болмақ. Бұл кезде оқушылар сабаққа онлайн қатысады. Білім ошақтары қыркүйектің 14-і күні ашылады. Оған дейін эпидемиологиялық ахуалы жақсы бірнеше елді мекенде мектептерді ашып, тәжірибе жүзінде оқуды бастаймыз. Бұл – пандемия кезінде оқу процестерін қалай тиімді ұйымдастыру керегін зерттеу үшін жасалып отырған қадам.

Білім министрлігі жаңа оқу жылына қатысты сауалнама жүргізген. Сұрақ-жауапқа қатысқан 1 млн ата-ананың 70 проценті қашықтан оқуды таңдап отыр. Қалғаны баласын мектепке жіберуді жөн көрді. Тағы бір айтып кететін жайт. Егер білім ошағында оқып жүрген оқушыдан коронавирус анықталатын болса, онда тек сол баланың сыныптастары ғана оқшауланады.

Шерзод Шерматов, Өзбекстанның халықтық білім министрі:

– Оқушылар тек бір кабинетте отырып білім алады. Мұғалімдер ғана сыныптан сыныпқа ауысып жүретін болады. Егер бір оқушыдан коронавирус анықталса, онда мектепті түгелдей карантинге жаппаймыз. Індетті жұқтырған баланы емделуге жіберсек, қалған сыныптастары оқуын қашықтан жалғастырады.

Бүгінде Өзбекстанда 10 мыңдай мектеп бар. Оның 17 процентінде таза ауыз су жоқ, ал 22 проценті қарапайым санитарлық талаптарға сай емес. ЮНИСЕФ жариялаған мәліметтерге сәйкес, бұл білім ошақтарында тіпті оқушылардың қол жууына жағдай жасалмаған.

Мунир Мамедзаде, Өзбекстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы:

– ЮНИСЕФ Өзбекстан Үкіметіне мектептерді сумен қамту, санитария және гигиена бойынша мәселелерді шешуге кеңес береді. Білім ошақтарын қайта ашу үшін тиісті сақтық шараларын қамтамасыз етуі қажет.

Шерзод Шерматов, Өзбекстанның халықтық білім министрі:

– Соңғы екі жылда 1 мыңдай мектепте су мәселесі шешілді. Дегенмен көптеген білім ошағында бұл проблема өзекті болып қала бермек. Өйткені осы оқу ордалары орналасқан елді мекендерде орталықтандырылған сумен қамту жүйесі жоқ. Биыл жергілікті әкімдіктерге мектептерді сумен және сабын секілді жуу құралдарымен қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр.

Тағы бір түртіп айтатын жайт. Жаңа оқу жылы алдында 500 мың мұғалім коронавирус бар-жоғын тексеретін тестен өтіп, жұқпалы ауруларға қарсы егілмек.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы