421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбек студенттері қолқанат-робот құрастырды

  • 197
  • UPD: 18:25, 30.08.2020

Өзбекстандық студенттер адамға қолғабыс беретін робот жасап шығарды. Әмбебап көмекші даяшы, санитар, кітапханашының міндеттерін атқара алады. 

– Привет, Нова. Расскажи о себе.

– Я универсальный робот-ассистент. Моя задача – помогать людям. 

Турин политехникалық университетінің төрт студенті мына роботты бір жарым айда жасап шығарған. Қазір ол даяшының міндетін атқарады. Өзі смартфон арқылы басқарылады. Алайда денесіне жасанды интелектті де орнатуға болады.

Саидаълохон Эргашхужазода, Турин политехникалық университетінің студенті:

- Роботтың жылдамдығы секундына жарты метр. Бұл жылдамдық тапсырысты құлатып алмай жеткізуге ыңғайлы.

Саидакбархон Пулатов, Турин политехникалық университетінің студенті:

- Дәмханаларда даяшылардың орнына мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға болады. Олар бұл роботты бір жерде отырып басқара береді. Осылайша адамдардың бір-бірімен байланысы азая түседі. Қазір бұл пандемия кезінде өте өзекті мәселе.

«Бұл робот әмбебап» дейді студенттер. Құлтемірді сан салада пайдалануға мүмкіндік бар көрінеді.

Саидазизхон Саидаълоев, Турин политехникалық университетінің студенті:

– Медицина саласында бұл роботты дәрі-дәрмек алып келу үшін пайдалануға болады. Ал кеңседе оны қағаздар мен құжаттар тасуға жұмсай аласыз. Сонымен бірге біздің құлтемір кітаптарды тани алады. Сондықтан оны оқырманға сөрелерден әдеби туындыларды тауып беру үшін кітапханада да қолдануға мүмкіндік бар. 

Жас өнертапқыштар бір роботтың құнын 2,5 мың доллардан 4,5 мың долларға дейін бағалап отыр. 

Жасын Біркенов, тілші:

- Иә, бұл роботтың құны қалта қағарлық. Алайда өнертапқыштардың айтуынша, бұл жай ғана машина емес. Ол тапсырмаларды мұқият орындап ғана қоймай, өз сезімін де білдіре алады. 

Саидакбархон Пулатов, Турин политехникалық университетінің студенті:

- «Сен кімді сүйесің» деп сұрақ қойсаң, ол ұялып, сізге «жүрек» суретін көрсетеді. Әлде амандығын сұрасаңыз, көзін қысып қоятын әдеті бар. Сондай-ақ роботқа бет-әлпетті тану қызметін енгізуге болады. Сонда ол тек сіздің ғана тапсырмаларыңызды орындайды. 

Өзбекстандық студенттер жуық арада залалсыздандыру жұмыстарын атқаратын жаңа робот құрастырмақ. Жоба дайын. Тек құлтемірлердің өндірісін қолға алу үшін инвестор қажет.

Авторлар: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы