426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үндістанда буыны қатпаған баланы жұмысқа жегу көбейді

  • 181
  • UPD: 21:36, 30.08.2020

Карантин балаларға да ауыр тиіп тұр. Үндістанда буыны қатпаған жеткіншектерді жұмысқа жегетіндер көбейген. Жалпы жергілікті заң бойынша жасы 14-ке толмаған бала еңбек етпеуі тиіс. Алайда оны елеп жатқан ешкім жоқ. 

Мұнан он жыл бұрын Үндістан тұрғындары балалардың жұмыс істеуіне қатысты аса бас қатырмайтын. Алайда бұл мәселені халықаралық құқық қорғаушылар назарға алып, 2015 жылы елде тиісті заң қабылданды. Құжат 14 жасқа толмаған балаларды күштеп жұмыс істетуге тыйым салады. Алайда қазіргі дағдарыс кезінде оқушылар қайтадан жұмыс іздеуге мәжбүр. Солардың бірі Митхун. Жасы 13-те.

Жеткіншектің айтуынша, ол ата-анасы және сыныптастарымен бірге өзгелердің үйінің ауласын тазалап, шәй жапырақтарын жинап табыс табады. Бір күнгі еңбегіне балақай 1-2 доллар алады. Бұл жергілікті өлшем бойынша біраз ақша саналады.   

Митхун Хан, оқушы:

- Менімен бірге ата-анам да жұмыс істейді. Бес жасар қарындасым бар. Ол інілерімді қарап, үйде қалды. Осылай өмір сүреміз. Әзірге біз үшін ең бастысы мектеп емес. Бәрінен бұрын жейтін тамағымыз болу керек. 

Үндістанда Митхун секілді балалар өте көп. Кейбір мәлімет бойынша олардың саны 10 миллионға жуық. Алайда кей деректер жұмыс іздеп, көше кезгендердің саны мұнан екі есе көп дейді. Әдетте бала еңбегін шағын бизнес пайдаланады. 

Шахид Рахмал, Үндістан зерттеу институтының аға менеджері: 

- Бүгінде балаларды жұмыс істеуге мәжбүрлейтін нәрсе аштық емес, бұл ата-аналарының несиелері. Үндістанда несиесі жоқ отбасылар жоқтың қасы. Ал жұмыссыз қалғанда оны жабатын ақша болмайды, бірақ үстінен пайыз жүре береді. Сондықтан ата-анасының қателігі үшін балалары жауап беруге мәжбүр. Бұл жантүршігерлік жағдай. Қазір 60 миллион жеткіншек мектепке бармайды. Ол аздай «бала еңбегін пайдалануда тұрған түк те жоқ» деп ойлайтын ата-аналар жетіп артылады. 

Соңғы айларда волонтерлер Үндістанда 600 баланы еңбек құлдығынан құтқарып қалған. Бұл мәселе халықаралық ұйымдарды да алаңдатып отыр. Біріккен Ұлттар ұйымы да таяуда дәл осы мәселені талқылады. Бірақ нәтиже қандай болады? Ол әлі белгісіз. 

Алексей Родионов, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы