421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехияда эпидемиялогиялық ахуал нашарлады

  • 312
  • UPD: 11:03, 31.08.2020

Чехияда корновирусқа қатысты жағдай қайта ушықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күннен күнге ауру жұқтырғандар саны артып жатыр. Осыған байланысты бірінші қыркүйектен бастап мұнда барлығы медициналық маска тағуға міндетті. Әсіресе, қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарда бұл талап қатаң қадағаланады. Ал билік басындағылар қауіпсіздікке қатысты қосымша шаралар әзірлеуге кірісті.

Еуропа елдерінің ішінде дәл осы Чехия ең алғаш болып короновирусты толық жеңгенін мәлімдеген еді. Тіпті саяхатшыларға шекараны ашып, бұқаралық фестивальдар ұйымдастыра бастады. Бірақ араға бір айдай уақыт салып жағдай қайта күрделене түсті. Вирус жұқтырғандар қатары күннен күнге артып, қазір жалпы саны 20 мыңнан асты. Яғни тәулігіне орташа есеппен 150 адам аурухана жатқызылады. Ал маусым айында бұл көрсеткіш 90 адамнан аспаған болатын.

Доминик Коварж, Прага медициналық университетінің профессоры:

– Сөздің шыны керек, бұл вирус бізді әбден шаршатты. Қазір оны жұқтырған 10 адамның жетеуі ғана сауығады. Яғни өлім көп. Қазірдің өзінде 400 жерлесіміз қаза болғаны туралы ақпарат алдық. Әрине, кейбір елдерде жағдай мүлде нашар. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Жедел алдын алу шараларын қолдану қажет.

Наурыз айында да дәл осындай жағдай орнап, мемлекетте қатаң карантиндік шаралар қолға алынған еді. Яғни адамдар көшеге шыға алмады. Әлеуметтік мәселелер ушықты. Ақыры, халық наразылық танытып, шерулер өткізе бастады. Жергілікті билік осы оқиғалардың қайталанғанын қаламайды. Сондықтан санитарлық талаптарды біртіндеп күшейтпек. Мәселен, әзірге барлық қоғамдық орында маска тағуға ғана міндеттеді.

Владимир Вуйчек, қалалық мэрия денсаулық сақтау бөлімінің өкілі:

– Бұл шаралар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр. Ешкімнің жеке мүддесі жоқ. Көпшілік осыны түсінсе дейміз. Әзірге вирусты толық жеңе алмаймыз. Бірақ таралуына жол бермеуіміз керек.

Чехия парламентінің өкілдері алдағы уақытта экономиканың дамуын тежейтін және адамдардың қозғалысын шектеутін шараларды қабылдамайтындарын мәлімдеді. Тек 500 адамнан асатын бұқаралық шараларға шектеу қойылмақ. Бұған қоса, қалыптасқан жағдайды екінші толқын деп айтуға да келмейді дейді. Аурудың аяқасты ушығуна нақты себептер бар. Оны қазір жергілікті денсаулық сақтау және құқық қорғау бөлімдерінің қызметкерлері зерттеп жатыр.

Авторлары: Александр Грэс, Дмитрий Лукша және Паел Невид

Хабар 24 телеарнасы