424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британия үкіметі азаматтарды кеңседе жұмыс істеуге үгіттеп жатыр

  • 119
  • UPD: 11:04, 31.08.2020

Ұлыбританияда карантиндік шаралар жеңілдетілгенімен қызметкерлер өз кеңселеріне оралғылары жоқ.

Бұған Кардифф және Саутгемптон университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижелері дәлел. Осыған орай бүгін үкімет қызметкерлерді жұмыс орындарына қайта оралуға шықыратын үгіт кампаниясын бастады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес британиялық қызметкерлердің 88% үйде отырып жұмыс істеуді жалғастырғылары келеді, ал 47% мұны дағдыға айналдырғысы бар. Егер пандемияға дейін қызметкерлердің тек 6% үйден жұмыс істеп келсе, сәуір айында олардың саны 43% дейін өскен және еңбек өнімділігі негізінен тұрақты болған.  

Белгравия - орталық Лондонның әйгілі әрі қымбат аудандарының бірі. Күтімі ерекше көшелер мен сәулеті көз тартар құрылыстар таңдай қақтырады. Мұнда жеке үйлермен қатар кеңсе ғимараттары да жеткілікті. Бірақ пандемияға байланысты соңғылары қаңырап тұр, өйткені қызметкерлерінің көбі үйден жұмыс істеп жатыр.

Оливер Фиш, риэлтор:

– Сіз метроға, түскі ауқатқа жұмсайтын ақшаңызды үнемдейсіз. Жолға кететін 2 сағат уақытыңызды жоғалтпайсыз. Сонымен қатар, бұл сізді артық күйзелістен құтқарады. Үйден жұмыс істеудің пайдасы шаш етектен.

Жұмыс берушілер ассоциациясының пайымдауынша, қала орталықтары «елес кезген мекенге» айналып, кеңсе қызметкерлерінің арқасында күн көріп келген бизнес өкілдері банкрот болуы мүмкін. Егер премьер-министр тиісті шара қолданбаса. Кейбір беделді депутат-консерваторлар бұл пікірмен келіседі. Кеңседе еңбек ету қауіпсіз екендігін түсіндіруді олар министрлерге міндеттеп жатыр.

Грант Шаппс, Ұлыбритания көлік министрі:

– Қазір шынымен де кеңседе отырып жұмыс істеу қауіпсіз. Біз және Ұлттық денсаулық сақтау қызметі ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.

Жұмыс берушілер үкіметтегілерге құлақ асқысы келетіндей. Бірақ көп нәрсе қызметкерге де байланысты. Егер ол тәуекел тобынан болса, заңды түрде бұл талапқа қарсы шығуы мүмкін және бұл оның жалақысына еш әсер етпеуі тиіс. Ғимарат иелері болса, сұраныстың азаюына байланысты кеңсені жалға беру құнын 10% дейін төмендетуге мәжбүр болған. Оның үстіне кіре берісте есікке қол тигізбей өту, үстелдер арасына оқшаулау бағаналарын орнату сияқты жұмыстарға миллиондаған фунттар төлеп, қосымша шығындарға батып жатыр. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы