426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда білім беру жүйесі реформалануы мүмкін

  • 156
  • UPD: 17:49, 31.08.2020

Чехияда білім беру жүйесі реформалануы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заңға қашықтан оқу бойынша өзгерістер енгізіледі. Билік білім берудің бұл тәсілін міндетті етуді көздеп отыр. Бірақ заң жобасында қашықтан оқу жүйесіне көшудің нақты қадамдары қарастырылмаған. Ал елде компьютермен толық қамтылған  оқу орындары 1 қыркүйектен бастап қашықтан оқу жүйесіне көшуі тиіс. Қажет құралдармен жабдықталмаған мектептерге мемлекеттен көмек беріледі.

Чехия – Еуропада қашықтан білім беруді заңдастырған алғашқы елдердің бірі. Жаңа оқу жүйесі көктем айларынан бастап енгізілді. Ол кезде қашықтан оқыту жобасына жоғарғы оқу орындарының педагогика мамандығы бойынша оқып жатқан студенттер қатысқан еді. Осы тәжірибенің негізінде қашықтан білім беру туралы заң жобасы дайындалып, 2 ай бұрын депутаттардың қарауына ұсынылды. Содан бері реформаның әлеуметтік және қаржылық тұстарымен қатар, жаңашылдықты ата-ана мен баланың қалай қабылдайтыны да кеңінен талқыланды.

Иржи Баранек, Прага мектептерінің қамқоршылық кеңесінің басшысы:

– Бастауыш сыныптардың қашықтан оқу жүйесіне көшуін ұйымдастыруға мемлекет тарапынан 1 миллиард доллардан астам қаржы бөлінеді. Бұл компьютерлер мен бағдарламалардың лицензиясын сатып алуға жұмсалады. Ал қашықтан оқытуды бастауыш сыныптардан бастауымыздың себебі бүлдіршіндер қазірден бастап дағдылана берсін деген мақсат. Компьютері жоқ балаға ол уақытша беріледі немесе оқушының тапсырмаларды телефонмен орындауына рұқсат етіледі. 

Қашықтан оқу жүйесіне Білім министрлігімен бірге Денсаулық сақтау министрлігі де қолдау білдіріп, заң жобасына өз өзгертулерін енгізген. Мысалы, бала ауырып қалса, сабақтан ресми түрде босатылып, емделуін заңдастыруды сұраған.

Франтишек Вампола, Прага білім беру басқармасының өкілі:

– Енді Чехияда студенттер мен оқушылардың бәрі қашықтан оқитын болады. Тек балабақшалар ғана дәстүрлі режимде қала береді. Ал жаңа жүйеге көшетін білім мекемелері оқу бағдарламасы мен оқушылардың білімін бағалау бойынша шешімдерді өздері қабылдайды.

Қашықтан білім беру әзірге сынақ түрінде жүргізіледі. Бірақ келер жылы індеттің беті қайтқан жағдайда, мектептер дәстүрлі оқу жүйесіне қайта оралады.

Авторлары: Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Паел Невид

Хабар 24 телеарнасы