420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Француз оқушылары жарты жылдан кейін мектепке келді

  • 106
  • UPD: 13:10, 02.09.2020

Францияда індеттің бастапқы кезінде 8 апталық карантин енгізіліп, балалар оқуларын үйде жалғастырған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел билігі жазғы демалыстан кейін оқу процесін баяғы қалыпқа көшірді. Қазір 12 миллион оқушы өз мектептерінде дәріс алып жүр.

Францияда жаңа оқу жылы әдеттегі дәстүрден ауытқыды. Мысалы, білім күні салтанаты өткен жоқ. Алғашқы қоңырау да соғылмады. Тіпті оқушылар мектепке санитарлық талапты сақтап, ұзын-сонар кезекке кезігіп, сап түзеп кірді. Білім ордасының қызметкерлері мен орта және жоғарғы сынып оқушылары, бәрі де бетперде таққан.

Аристид Аделькалам, Жан Ренуар колледжінің директоры:

- Біз бетпердесін үйінде тастап кеткен оқушыларды кері қайтарып жібермейміз. Олармен мектеп дәрігері мен мейірбикелер сұхбаттасып, дертке қарсы сақтық шараларының маңыздылығын түсіндіреді.

Биліктің мәлімдеуінше, коронавирус індетіне байланысты жарты жылға созылған үзіліс кезінде біршама мәселе туындаған. Мысалы, оқушыларға жаңа оқу бағдарламасын өтіп қана қоймай, карантин кезінде оқылмай қалған материалдарды игеру қажет. Осы мақсатта елде 1500 қосымша жұмыс орны ашылған.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

- Ұлттық білім беру мемлекеттік қызметі жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындалды. Мектептерде мұғалімдер жеткілікті, оқушылар да толық. Біз елде індеттің әлі таралып жатқанын білеміз. Бірақ оқу орындарының қалыпты жұмыс жасауы үшін барлық профилактикалық шаралар қабылданған.

Францияда жаңа оқу жылы әдеттегідей басталғанымен, елдегі эпидемиологиялық жағдай ескерілген. Егер санитарлық ахуал нашарлайтын болса, бір ғана сынып пен мектепті емес, бүкіл аудан немесе қаладағы мектепті жабу қарастырылған, Сондықтан індетпен жағдай нашарласа, балалардың оқуын қашықтан жалғастыруы да ойластырылған.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы