426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британияда оқушылар мектеп бағдарламасынан қалып қойды

  • 158
  • UPD: 23:08, 02.09.2020

Нью-Йоркте мектептердің ашылуы кейінге шегерілді. Негізі оқу 10 қыркүйекте басталуы тиіс еді. Алайда билік өкілдері оны 21 қыркүйекке дейін қалдыруды жөн көрді. Мұғалімдер кәсіподағы болса аймақтағы білім ордалары балаларды қабылдауға бәрі бірдей дайын емес екенін алға тартады.

 Билл Де Блазио, Нью-Йорк мэрі:

- Оқудың қайта басталуын кейінге шегеруіміздің бір себебі - қауіпсіздік мәселесі. Нью-Йоркте 200-ден аса тест тапсыру бекеті бар. Олардың көбі мемлекеттік мектептердің жанында орналасқан. Алайда біз білім беру мекемесінің аумағында фругондар мен шатырлар орнатуға ниеттіміз. Бұл оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің тест тапсыруын жеңілдетуі тиіс.

Жуырда шаһар мұғалімдері мектептердің ашылуына қарсылығын білдіріп наразылық акциясын ұйымдастырған. Жиналғандар елде коронавирус індеті дес бермей тұрғанда балалардың мектеп қабырғасына оралуы ақылға қонымсыз дейді. Сонымен қатар, наразылар оқушылардың барлығы коронавирусты анықтайтын тест тапсырсын деген талап қойып отыр.

Ал Англияда балалар партаға қайта отырды. Мұғалімдер кейбір оқушылардың мектеп бағдарламасынан айтарлықтай қалып бара жатқанын байқаған. Білім беру министрлігінің хабарлауынша, коронавирус пандемиясының кесірінен балалар 3 айдың оқу бағдарламасын меңгере алмай қалған. Кей мамандар бұл олқылықты жою үшін кем дегенде 2 жылдай уақыт кететінін айтады. Бұған дейін зерттеу нәтижесі көрсеткендей, британ оқушыларының 20 проценті қашықтан оқу кезінде үйде дайындалмаған көрінеді.  Айтпақшы, биыл мектептерде жаңа ереже енгізілді. Бұдан былай балаларға коронавирус тақырыбына байланысты қалжыңдасуға немесе әдейі түшкіріп, жөтелуге тыйым салынды. Талапқа бағынбағандар қатаң жазаланатын болады. 

Джейн Гэдсби, мұғалім:

- Жағдайды қалыпқа келтіру үшін екі жылдай уақыт қажет. Мүмкін одан да көп уақыт кетер. Бұл баланың өзіне де байланысты. Кейбіреулері тақырыпты жылдам меңгеріп алады. Бастысы оларды қолдам, үнемі  көмектесіп отыруымыз керек.

Ал, коронавирус індеті дендеп тұрған Үндістанда оқу жылының басталуы бір айға шегерілді. Алайда Білім беру министрлігі мектептердің қазан айында да ашылуы екіталай дейді. Себебі билік қашықтан оқыту форматын құптап отыр. Елде мемлекеттік мектептердің саны көп болғанмен сыныптардағы оқушылардың сыйымдылығы көңіл көншітпейді. Әр сыныпта кем дегенде 50 баладан отырады. Осыдан оқу сапасы да төмен. Ол аздай мұғалімдердің жалақысы да аз. Ал кей ата-аналар тіптен балаларының білім алуына қарсылығын білдіруде. Олардың пікірінше нәпақа табу үшін еңбек тәжірибесі әлдейқайда маңыздырақ.

Рамеш Ананд, балалар психологы:

- Негізі елімізде мектептер көптеп салынып жатыр. Билік баланы мектепке жинауға барынша көмектеседі. Мәселен, форма мен кітаптарды сатып алу үшін жеңілдіктер қарастырылған. Алайда «вирус өршіп тұрғанда, ондай шығының еш қажеті жоқ» деп ойлайтын ата-ана көп. Былайша айтқанда, олар баласының ашқұрсақ жүргенінен гөрі білімсіз болғанын қалайды. Ал карантин кезінде мектептердің жабылуы оларға тіпті майдай жақты дер едім.

Францияда да 12 млн оқушы мектеп қабырғасында біліп алып жатыр. Алғашқы қоңырау соғылмады, салтанатты шара да өткен жоқ. Санитарлық талапқа ерекше мән берілген. Білім ордасының қызметкерлері мен орта және жоғарғы сынып оқушылары, бәрі де маскамен жүр. Алайда бетпердесіз келгендерге түсіністікпен қарап, қатаң жаза қолданбайды. 

Аристид Аделькалам, Жан Ренуар колледжінің директоры:

- Біз бетпердесін үйінде тастап кеткен оқушыларды кері қайтарып жібермейміз. Олармен мектеп дәрігері мен мейірбикелер сұхбаттасып, дертке қарсы сақтық шараларының маңыздылығын түсіндіреді.

Қазір оқушыларға коронавирус індетіне байланысты жарты жылға созылған үзіліс кезінде оқылмай қалған тақырыптарды игеру қажет. Мәселені шешу үшін жергілікті билік аймақта 1 жарым мың қосымша жұмыс орнын ашқан. Олардың басым бөлігі бастауыш сыныптарда.

Хабар 24 телеарнасы