426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ангела Меркель: Навальный қылмыс құрбанына айналды

  • 199
  • UPD: 10:26, 03.09.2020

Осыдан екі апта бұрын комаға түскен Алексей Навальныйға қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Германияда емделіп жатқан оппозиционердің ағзасынан «Новичок» тобына жататын жүйке жүйесін зақымдайтын у қалдығы табылған. Өзге елдер мен халықаралық қауымдастық өкілдері Ресей билігін бұл істі жіті тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырып отыр.

Естеріңізге салайық, Алексей Навальный 20 тамыз күні таңертең Томск қаласынан Мәскеуге бет алған ұшаққа мінеді. Лайнер көкке көтерілгенде жағдайы жақса болса да, жарты сағаттан кейін өзін жайсыз сезінеді. Навальныймен бірге ұшқан баспасөз хатшысы, саясаткер сол күні таңнан нәр татпағанын айтады.Тек әуежай аумағындағы дәмханадан шай ішкен екен. Оппозиционердің жағдайы күрт нашарлап кеткесін ұшақты шұғыл түрде Омбы қаласына қондыруға тура келді. Қалалық ауруханаға жеткізілген Навальный комаға түскен. Ресейлік дәрігерлер саясаткердің уланбағанын яғни ағзасынан у қалдықтары табылмағанын мәлімдеді. Бірақ 2 күннен кейін Берлиндегі клиникаға жеткізілген саясаткерді тексерген неміс дәрігерлері оның ағзасынан «Новичок» тобына жататын у қалдықтарын тапса керек. Сараптама Германияның қарулы күштеріне тиесілі зертханада жүргізілген.  

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Алексей Навальный қылмыс құрбанына айналды. Әлдекімдер оның аузына құлып салуға тырысты. Бүкіл Германия үкіметінің атынан бұл әрекетті қатаң сынға алатынымызды жеткізгім келеді. Көп сұрақ туындап отыр. Оларға тек Ресей билігі ғана жауап бере алады.

Ресей жағы токсикологиялық сараптама нәтижелерін алмадық деп отыр. Көрші елдің сыртқы істер министрлігінің өкілдері неміс билігінің мәлімдемесіне ешқандай дәлел жоқ екенін айтты. Ведомство өкілдері Германия тарабын ақпарат алмасып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Мария Захарова, РФ СІМ ресми өкілі:

– Неміс дәрігерлері ресейлік әріптестеріне ешқандай ақпарат берген жоқ. Германия заңгерлері мен құқық қорғаушылары да осылай істеп отыр. Соған қарамастан саясаткерлер бұл оқиғаға қатысты түрлі мәлімедемелер жасауға асық.

Жалпы Алексей Навальныйдың ағзасынан табылған «Новичок» әсері қаншалықты күшті екені бұған дейін де сан мәрте сараланды. Олар 1970, 1980 жылдары Кеңес одағының химиялық қару құру туралы бағдарламасы аясында жасалған. У ағзаға түскенде, адамның бұлшық еттері тартылып қалады. Бұл зат жүйке жүйесін зақымдап, адам тыныс ала алмай, қатты қиналады екен. Жалпы бұған дейін де осы «Новичокқа» қатысты халықаралық жанжал шыққан болатын. 2018 жылы Ұлыбританияда Ресейдің бас барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль пен оның қызын улау кезінде осы зат қолданылған деген сөз айтылды. Ол кезде британ үкіметі Ресей билігін айыптаған. Алайда Кремль мұның бәрін жоққа шығарды.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы