426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде вирустың таралуы жөнінен антирекорд жаңарды

  • 166
  • UPD: 09:19, 04.09.2020
Израильде вирустың таралуы жөнінен антирекорд жаңарды

Израильде COVID-19 бойынша жаңа антирекорд орнады. Елде бір тәулікте 3 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды.

Ауыр халмен 400 кісі ауруханаға түскен. Елде вирустың кеңінен тарағаны соншалық бүгінге дейін шамамен әрбір оныншы тұрғын вирус жұқтырып үлгірген. Бұл да рекордтық көрсеткіш болып отыр. Осыған байланысты қазір Израильде шұғыл шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, мектептерде жаңа оқу жылына орай жаңа тәртіп пен талап енгізілді. Ал қауіптің қызыл деңгейі жарияланған шаһарларда сабақ тіпті басталмады. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Қалаға қауіптің қызыл деңгейін сабақтың басталуына бір түн қалғанда енгізуді шештік. Осылайша біз «қызыл түсті шаһарлардың» санын мейлінше азайтпақ болдық. Өйткені біз балалардың сабаққа баруын да, экономиканың қиын жағдайда қалып қоймауын да ойлауымыз керек. Бір қуанарлығы, көптеген қалада мектептер ашылып, жаңа оқу жылы басталып кетті.

Ал қауіптің қызыл деңгейі жарияланған шаһарларда «Маска» операциясы жүріп жатыр. Яғни тәртіп сақшылары тұрғындардың бетперде тағып, арақашық сақтауларын бақылауға көшкен. Ережені елемегендерге бірден  айыппұл салынады. Бірақ бұл да жұрттың сақтыққа салғырт қарамауына тосқауыл бола алмады. Сондықтан ел билігі қазір түбегейлі карантин енгізу жағын қарастырып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы