420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нью-Йорктегі биржада «өгіздер жарысы» басталды

  • 130
  • UPD: 10:21, 04.09.2020

Әйгілі Уолл Стриттегі қор нарығында тағы бір рекорд тіркелді. Алайда бұл жолы Нью-Йорк қор нарығындағы индекстердің оң өзгерісі халықаралық сарапшыларды алаңдатуда. Қаржыгерлер оны «өгіз раллиі» деп атайды.

Талғат Алман, тілші:

- АҚШ-тың бас қор биржасы New York Stock Exchange биржасы кешегі жұмыс күнін, яғни сәрсенбідегі сауда-саттығын сәтті аяқтады. Дәлірек айтсақ, Microsoft, Apple және Facebook сияқты әлемнің алып 500 компаниялары кіретін S&P 500 индексі 1.54 процентке, ал өндірістік саладағы Dow Jones индексі 1.59 процентке өсті. Бұл 19 ақпаннан кейін тіркелген кезекті рекордты көрсеткіш. 

Осы аптадағы негізгі қор индекстерінің өсімі қызмет көрсету, шикізат және денсаулық сақтау салаларындағы көрсеткіштердің жақсаруына байланысты болды. Коронавирусқа қарсы вакцина жайлы ақпарат та брокерлер мен инвесторлардың белсенділігін арттырды. Сондай-ақ Орталық банктің ролін атқаратын Федералды Резерв, монетарлы саясатын жеңілдеткені және Конгрестің індет кезінде қомақты қаржы бөліп бергені де қор биржасындағы жағдайдың тұрақталуына әсерін тигізді. 

Ник Колас, қаржы сарапшысы

- Нарықтағы қазіргі жағдай барлығымызға белгілі бір деңгейде үміт ұялататын сияқты. Және бұл сенім біразға дейін жалғасуы мүмкін. Дегенмен, 2000 жылдары қолдан жасалған дағдарысты ешқашан естен шығармау қажет. Мысалы, қазірдің өзінде Apple мен Zoom компанияларының позициялары төмендеуде. Яғни технологиялық сектордың құлдырайтыны сөзсіз.

Індет басталғалы ақпараттық технологиялық компаниялардың акция үлестері де айтарлықтай қымбаттап үлгірді. Дегенмен, инвестициялық қаржыны тек технологиялық компаниялардың акцияларын сатып алуға жұмсау орынсыз дейді мамандар. 

Лорен Гилберт, қаржылық кеңесші:

- Маған ақпараттық технологиялық компаниялардың акцияларын сатып алғысы келетін инвесторлар хабарласып жатады. Менің оларға айтарым: ақшаны тек технологиялық компаниялардың пакеттеріне жұмсау дұрыс емес. Алдағы уақытты да ойлау керек. Яғни баланс ұстау керек. Басқа да салаларға қаржы құюға кеңес беретін едім.  

Қор нарығындағы индекстердің өсімі АҚШ экономикасының жақсаруының алғышарты бола бермейді. Өйткені Федералды резерв пен өзге де институттардың қаржы бөлуі нарықтың жасанды жолмен өсуіне әкеліп соғады. Ал бұл өз кезегінде қауіпті болуы мүмкін дейді экономист Мақсат Халық. 

Халық Мақсат, GSC UIB директоры, экономист:

- Қор нарығындағы индекстердің оң нәтижелері экономиканың жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, қазіргідей дағдарыс кезінде Федералды резерв көп ақша бөліп, өсімді жасанды жолмен ұстап тұрады. Қор нарығындағы ойыншылар мұны жақсы біледі. Сондықтан мұндай өсімге сенім жоқ.

Нью-Йорк қор нарығындағы оң өзгерістерге қарамастан АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 10 проценттен асты. Бір айдың ішінде 16 миллионға жуық азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. 

Авторлар: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы