428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия коронавирустың бірінші толқынының екінші кезеңін өткеріп жатыр

  • 188
  • UPD: 14:11, 04.09.2020

Түркия коронавирустық инфекцияның таралуының бірінші толқынының екінші кезеңін өткеруде. Мәлімдемені елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа жасады. Оның сөзінше, вирустың артуына азаматтардың профилактикалық шараларды толық орындамауы себеп.

Фахреттин Қожа, Түркия денсаулық сақтау министрі:

- Коронавирустың бірінші толқынының екінші кезеңін бастан өткеріп жатырмыз. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың маңызды бөлігі болып табылатын мейрамдар мен той-томалақтардағы немқұрайлығымыз бізді осындай жағдайға душар қылды. 

Денсаулық министрінің осы мәлімдемесінен кейін ел көлемінде мерекелік шаралар мен той-томалақтардың өтуіне шектеу қойылды. Бұдан былай Анадолыда үйлену және сүндет тойы, қына түні мен басқа да арнайы күндер тек салтанат сарайларында ғана өтпек. Рәсімдер 1 сағаттың ішінде ас және ойын- сауықсыз аяқталуы тиіс. Сондай-ақ мұндай мекендерге 65 жастан үлкендер мен 15 жастан кішілердің баруына тыйым салынған. Тек ғана жас жұбайлардың бірінші деңгейдегі жақындарына ғана рұқсат. Бұл жағдайды естіген бірқатар азаматтар тойларын кейінгі мерзімге шегерсе, шипасы қашан табылатыны белгісіз аурудың толық аяқталғанын күтпейтінін айтады. 

Али Жан Ушар, тойы шегерілген жас:

- Бұл кезең үйленетін біз секілді жастар үшін материалдық әрі рухани тұрғыдан қиын болды. Мысалы, мен былтыр құда түстім. Биыл үйді жалға алып, жиһазды жайғастырдық. Киімдерімізді алып, тойға толық дайындалдық. Коронавирус жоспарларымызды астаң-кестең етті. 

Салтанат сарайларының қожайындары мен жас жұбайлар бұл шектеулерге наразы. Осы себепті соңғы бірнеше күнде бірқатар шаһарларда қарсылық шеруі өтті. Қатысушылардың айтуынша, салтанат сарайлары қоғамдық көліктер мен демалыс орындарында, әуежайларға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Дегенмен, ол жерлердегі шектеу бұл салаға қарағанда жеңіл.

Кемал Илдеш, салтанат сарайы қожайыны:

- Бүгін жарияланған той-домалақтарға арналған шектеуге байланысты бірқатар тұтынушыларымыз тапсырыстарынан бас тартты.  Коронавирус басталғалы бері де жұмысымыз шамалы болған. Бізді ешкім ойлап тұрған жоқ. Жалға алу ақшасы мен қызметкерлеріміздің жалақысын қалай төлеймін деп басып қатты. Басқа баламалы жолдады табуға тиіспін. Амал жоқ. 

Туыстас елде тойларда алтын тиын мен зергерлік бұйымдарды тарту ету әдетке айналған. Олардың құны өспесе, ешқашан түспейді. Мәселен, 20 жыл бұрынғы ширек алтынның құны қазіргі кезбен тең. Сондықтан жұртшылық бергенін қайтарғысы келеді. Пандемия салдарынан алтынның құны күрт қымбаттап, халықтың қалтасына үлкен салмақ салды. 

Фатих Демиржи, алтын сатушы:

- Алтындарды қазірде инвестиция үшін қалталы азаматтар алып жатыр. Халық арасында ширек алтынды алушылар бұрынғыдан аз. Жағдайларына байланысты ақшалай апарады. Той-домалақтардың қысқаруы да зергерлік бұйымдарымыздың саудасын тоқтатты. Дәстүрлі жұмысымыз көп өзгеріске ұшырап жатыр.

Түркияда соңғы тәулікте коронавирустан 45 кісі көз жұмып, 1596 адам қатерлі індетті жұқтырды. Тап осы статистика наурыз-сәуір айында болған кезде барлық қоғамдық орындар жабылып, демалыс күндеріне коменданттық сағат енгізілген. Қазірше ондай шектеулер жоқ. Дегенмен, мемлекеттік мекемелер мен бірқатар жекеменшік секторлар қашықтан яки кезекшілік әдісіне көшкен. Ал жоғарғы және орта білім беру орындары да қазірше онлайн режимде жұмысын бастады. 

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы