424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: әлемдік антирекорд

  • 191
  • UPD: 22:11, 04.09.2020

 

Джонс Хопкинс Университетінің мәліметіне сәйкес жер бетінде дерт жұқтырғандар саны 26 млн-нан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

859 мыңнан астамы көз жұмды. Соңғы тәуліктің өзінде науқас саны 288 мыңға артты. Оның шамамен төрттен бір бөлігі Үндістанда. Бұдан кейін тағы бір алаң туғызған ел – Франция.

Сарапшылардың күзде ауру қайта белең алады деген болжамы орындалатын сыңайлы.

Үндістанда коронавирус дендеп барады. Осы аптада тәулігіне тіркелген науқастардың саны 84 мыңға жуықтап антирекорд орнады. Сөйтіп, бұл елде дерт жұқтырғандардың жалпы саны 3 млн 900 мыңнан асты. Сарапшылар бұлай жалғаса берсе, Үндістан науқас саны бойынша АҚШ пен Бразилиядан да асып түсуі мүмкін дейді. 

Раджеш Бхушан, Үндістанның денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

– Әрине тәулігіне анықталған науқастардың саны артып барады. Алайда халықтың саны жағынан қарасақ, бұл таңғаларлық жайт емес. Күнде 9,5 млн тест өткіземіз. Осыдан 1 жарым ай бұрын мұндай мүмкіндік болмаған еді.

Кевал Кишан, жергілікті тұрғын:

– Тест жүргізілген соң науқастар анықталып, саны артып жатыр. Адамдар ағзасында инфекция табылса ғана үйлерінде оқшаулануға келіседі. Ауруды тоқтатудың жалғыз ғана жолы осы болып тұр.

Наурыз айында енгізілген жалпыұлттық қарантин жеңілдей салысымен, үнді халқы тез босаңсып кетті. Жергілікті билік халықтың санитарлық нормаларға бей-жай қарайтынын алға тартады. 

Санджеев Шарма, Нью-Дели тұрғыны:

– Карантин талаптары жеңілдегеннен кейін ауруға шалдыққандардың саны қайта артатыны анық. Өйткені арақашықтық мүлдем сақталмайды. Қазір күнделікті тыныс-тіршілігімізге орала бастадық. Бетперде кию деген ойда жоқ. Әрине осыдан кейін вирус қайта өршиді.

Жағдайдың ушығуына байланысты аймақ экономикасы да құлдырай түсті. Екінші тоқсанда елдің жалпы ішкі өнімі 24 процентке төмендеген. Мұндай дағдарысты ел 1996 жылдан бері көрмеген екен. Сарапшылар енді қаржы қыспағында қалған елге экономикалық ахуалын оңалту үшін бірнеше жыл қажет дейді. Ал жергілікті тұрғындар болса, дағдарыстың салдары күнделікті өмірде айтарлықтай сезіле бастағанын айтады. 

Шалит, Нью-Дели тұрғыны:

– Кім біледі. Алдағы уақытта тағы 5-6 ай карантинде отыруымыз мүмкін. Халықтың басым бөлігі жұмыссыз. Қазір барлық қызмет түрлерін ашу керек. Метро жұмысы да жандануы керек. Бұл ел экономикасына қажет қой.

Ал Францияда сабақ басталысымен коронавирусқа шалдыққандардың саны арта бастады. Осыған орай жергілікті билік аймақтағы 22 мектепті толық карантинге жабу туралы шешім қабылдады. Қазір жүздеген оқушы үйіне оқшауланған. Жалпы соңғы кездері Францияда күніге 7 мыңға жуық адам вирус жұқтырады. Бірақ осыған қарамастан оқу басталып кетті. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, науқастардың басым бөлігі – Реюньон аралының тұрғындары. Карантинге жабылған мектеп оқушылары қазір сабағын онлайн жалғастырып жатыр.

Жан-Мишель Бланкер, Францияның ұлттық білім беру министрі:

– Вирусты тасымалдаушы адам дереу оқшауланатын болады. Ол оқушы болса да, мұғалім болса да үйіне жіберіледі. Кейін санитарлық қызмет тергеу жүргізеді. Науқаспен қарым-қатынаста болғандарды анықтағаннан кейін тест жүргізіліп, өзге де тиісті шаралар қолданылады. COVID-19-ға қатысты күнде шамамен 250 санитарлық хаттама қаралады.

Түркияда кеше бір тәулікте 1642 адам жұқпалы дертке шалдығып, 49 науқас көз жұмды. Бұл мамыр айынан бері болмаған жағдай. Денсаулық сақтау министрінің мәлімдеуінше, соңғы тәулікте 1211 адам жазылып шыққан.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Осыдан екі күн бұрын Түркияның денсаулық сақтау министрі елдегі эпидахуал туралы мәлімдеме жасап, коронавирустың бірінші толқыны шарықтау кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтты. Елдің бас дәрігері мұны елдегі эпидахуалдың әркелкілігімен түсіндірді. Мәселен, бір провинцияда қауіпті індет бәсеңдеп, ең төменгі көрсеткішті көрсетсе, екінші бір провинцияда вирустың өршуі шарықтау шегінде тұр. Сосын елде вирус әлі де төменгі деңгейге жетпеген. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, коронавирус жұқтырғандар көбейіп барады. Вирустың бұлайша өріс алуына азаматтардың профилактикалық шараларды толық орындамауы себеп. 

Сондай-ақ министр елдегі эпидахуалдың бақылауда екенін мәлімдеді. Жалпы соңғы күндерде тәулігіне орташа 1500 және одан да көп коронавирус жұқтырғандар дерегі тіркелуде. Бұл мамыр мен маусым айларынан кейінгі ең жоғарғы көрсеткіш. Әсіресе, қауіпті індет Анкара, Ыстамбұл, Орталық Анадолы аймағы мен оңтүстік-шығыста өршіді. Солардың ішінде елш астанасы Анкара вирустың орталығына айналды. Науқастардың саны жөнінде халық саны бойынша үш есе көп Ыстамбұлды да басып озған. Сондықтан мамандар бұл жерді Түркияның Уханы деп атап отыр. Шахардағы ауруханалардың инфекциялық бөлімшесі толы. Осыған байланысты Анкарада бұрынғы шектеу шараларының қайта келіп-келмейтінін қала губернаторынан сұрадық.

Васип Шахин, Анкара губернаторы:

– Анкараға коменданттық сағат енгізу әзірге күн тәртібімізде жоқ. Ахуалды өзгертеміз деп сенеміз. Коменданттық сағатты енгізу оңай емес. Шаһардағы жағдайды шектеусіз өзгертуге болады. Алдымен сақтық шараларын жүзеге асырамыз.

Елде басқа қосымша шектеу шаралары енгізілді ме? Қазір Қазақстан мен Түркия арасында әуе қатынасы жанданды. Азаматтарымыз нені ескеруі тиіс?

Меруерт Қанағат, тілші:

– Бүгіннен бастап ел көлемінде мерекелік шаралар мен той- домалақтардың өтуіне шектеу қойылды. Бұдан былай, Анадолыда үйлену және сүндет тойы, қына түні мен басқа да арнайы күндер тек салтанат сарайларында ғана өтпек. Рәсімдер 1 сағаттың ішінде ас және ойын-сауықсыз аяқталуы тиіс. Сондай-ақ мұндай орындарға 65 жастан асқандар мен 15 жастан кішілердің баруына тыйым салынған. Тек қана жас жұбайлардың бірінші деңгейдегі жақындарына ғана рұқсат. Мұны естіген ел азаматтарының бір бөлігі тойларын кейінге қалдырды. Құлақ аспағандар да бар. Мәселен, Бурса провинциясында той-томалақтардың шектеуіне қарамастан қына кешіне қатысқан 24 адамға 75 мың түрік лирасы көлемінде айыппұл салынды. Бұл төл ақшамызға шаққанда 4 миллион теңге.

Бұдан бөлек, 81 провинцияда коронавирус ережелерінің қаншалықты қолданыста екенін тексеру мақсатына бүгін рейд басталды. Оған ел көлемінде 10 мыңдаған сақшы мен әкімшілік қызметкері жұмылдырылған. Бүгін кешкісін қай провинцияда қанша адамға айыппұл салынғаны жөнінде статистика жарияланады. Көбінесе бұл миллиондаған түрік лирасын құрайды. Бір жағынан ел бюджетіне кіріс. Екінші жағынан ережені орындамадың ба, жаза. Азаматтар бұл олқылықты екінші рет қайталамайды. 

Айта кетерлігі, коронавирус басталғалы елде 70 денсаулық сақтау қызметкері көз жұмды. Халық оларды «денсаулық шәйіттері» деп атау керек деп отыр. Шәйіт деген баршамызға мәлім. Отан үшін отқа түскендер. 

Фахреттин Қожа, денсаулық сақтау министрі:

– Коронавирустың бірінші толқынының екінші шыңын бастан өткеріп жатырмыз. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыппымыздың маңызды бөлігі болып табылатын мейрамдар мен той-домалақтардағы немқұрайлығымыз бізді осы жағдайға жеткізді.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркияда соңғы тәулікте коронавирустан 49 адам көз жұмып, 1642-сі ауру жұқтырды. Тап осы статистика наурыз-сәуір айында болған кезде, барлық қоғамдық орын жабылып, демалыс күндеріне коменданттық сағат енгізілген. Қазір ондай шектеулер жоқ. Дегенмен мемлекеттік мекемелер мен бірқатар жекеменшік сектор қашықтан яки кезекшілік әдісіне көшкен. Ал жоғарғы және орта білім беру орындары қазірше жұмысын онлайн режимде бастады.

Ресейде де коронавирус жұқтырғандар көбейіп барады. Өткен тәулікте елде 5 мыңнан астам адамнан вирус анықталды. Қазір Мәскеу қаласында аурудың екінші толқынына қызу дайындық жүруде. Мамандар сабақтың басталуы вирустың қайта өршуіне әкелуі мүмкін деп алаңдайды. Бір айта кетерлігі, ертең Ресейдің коронавирусқа қарсы вакцинасы клиникалық сынақтың үшінші фазасынан өтетін болады. Сынаққа шамамен 40 мың адам қатысқан.

Хабар 24 телеарнасы