424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританияда короновирусты жұқтырғандар арасында жастар көп

  • 136
  • UPD: 21:06, 07.09.2020

Үндістанда эпидемиологиялық ахуал күн санап нашарлап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы күнге дейін індетті жұқтырғандар саны бойынша тізімде үшінші орында тұрған мемлекет Бразилиядан озып, екінші орынға шықты. Бұл антирейтингте бірінші орында бұрынғысынша АҚШ тұр. Израиль мен Еуропадағы ахуал да мәз емес. Әсіресе Ұлыбритания мен Франциядағы жағдай алаңдатарлық.

Бразилияда вирус жұқтырғандар саны 4 миллион бір жүз мыңнан, ал Үндістанда 4 миллион 2 жүзден асады.

Екі апта бұрын ғана Үндістанда індетті жұқтырғандар саны 3 миллионға жетсе, енді бұл көрсеткіш 4 миллиондық межеден асып кеткен. Жаңа науқастар саны әсіресе соңғы аптада күрт артып кетті. Кейінгі тәуліктің өзінде 90 мыңнан аса жаңа дерек расталған. Сарапшылар оған бірнеше себеп барын айтады. Біріншіден, билік шектеу шараларын біртіндеп алып тастап жатыр. Екіншіден, күнделікті жасалатын тест саны артқан. Індеттің өршіп кетуінің тағы бір себебі - жұқтырғандар саны миллиондап есептеліп жатқанына қарамастан, тұрғындар әлі күнге дейін сақтық шараларына немқұрайлы қарайды. 

Васундхара Убале, ауыл басшысы:

– Егер ауыл тұрғындарының бірінен коронавирус анықталса, біз маңайдағы 10 үйдің отбасы мүшелерін түгел тексеруден өткіземіз. Дәрігерлерге волонтерлер көмектесіп жатыр. Олар үйді-үйді аралап, кімнің жағдайы қандай екенін бақылайды. Ауру белгілері байқалса, бірден ол адамды тест тапсыруға жібереміз. Және онымен қарым-қатынаста болған 50 адамды тексереміз.

Ал Израиль коронавирус жұқтырғандар саны бойынша тізімде 25-орында тұрғанымен, жан басына шаққандағы жаңа деректер саны бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Мәселен, өткен аптада мұнда бір миллионға шаққанда 199 оқиғадан келген. АҚШ-тың өзінде бұл көрсеткіш 129-ға тең. Билік вирустың тарауын тежеу үшін 40-тан аса елді мекенде коменданттық сағат енгізді. Бүгіннен бастап бұл аймақтардың тұрғындарына кешкі жетіден таңғы беске дейін сыртқа шығуға болмайды. Дүкендердің жұмыс уақыты шектелді. Сарапшылардың айтуынша, билік мамырда шектеу шараларын бірден алып тастап, асығыстық танытқан. Карантинді біртіндеп жеңілдету керек еді дейді олар. Ахуалдың осылай ушығып кетуінің тағы бір себебі, сол Үндістандағыдай мұнда да тұрғындар сақтыққа салғырт қарайды. Ескертуге қарамастан, үйлену тойы, сауық кештері, жаппай жиындар өткізіліп жатқан көрінеді.

Рони Гамзо, Израиль коронавируспен күрес штабының жетекшісі:

– Бұл бүкіл халыққа үндеу болсын. Өтінеміз, қазір кісі көп жиылатын ешқандай шараларды өткізбеңіздер! Дүкенде, мейрамханада сақтық шаралары жайлы ұмытапаңыздар! Менің пікірімше, масканы тақпау, күні-түні демалыссыз жұмыс істейтін дәрігердің бетіне түкіргенмен бірдей.

Ал Ұлыбританияда коронавирус инфекциясының жаңа деректері көбейіп келеді: егер бұрын күніне 1,5 мың жағдай тіркелсе, бүгін олардың саны шамамен 3 мыңға жетіп отыр.

Англияда короновирусқа 20 мен 29 жас аралығындағы жас буын өкілдері көптеп шалдығуда. Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкоктың айтуынша, бұған себеп – жастардың бейқамдығы. Олар санитарлық талаптарды сақтамайды. Көңіл көтеру кештерін ұйымдастырып, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтамайды. Осы айда оқуын бастайтын студенттер де статистикаға кері әсерін тигізуі мүмкін дейді мамандар.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Әзірше мектептердегі жағдай жаман емес. Оның үстіне оқу жылы енді басталды. Бірақ әлгінде ғана белгілі болғандай Лестершир графтығы, Коалвилл қаласындағы The castle rock мектебінде короновирус жағдайының тіркелгені белгілі болды. Оқу орны қызметкерлерінің бірі дертке шалдығыпты. Сондықтан 6 мұғалім мен 2 класс үйлеріне карантинге жіберіліп отыр. Айта кетейік, премьер-министр Борис Джонсон жақында ғана дәл сол мектепке барып, оқуға қайта оралу қауіпсіз деп сендіріп кеткен болатын.

Жалпы Батыс Еуропа бойынша Ұлыбританиядан бөлек, Франция мен Испанияда да ахуал алаңдатарлық. Бүкіл Испания бойынша жаңа деректердің шамамен үштен бірі Мадридте тіркелген. Сол себепті мұнда бүгіннен бастап 10 адамнан артық жиналуға тыйым салынды.

Диего Андрес, жергілікті тұрғын:

– Шектеу шаралары алынып тасталып еді, жұрт қауіпсіздік ережелерін сақтамайтын болды. Бәрі бітті екен деп, босаңсып кетті. Ара қашықтық сақталмайды. Соның кесірінен осындай жағдайға тап болдық.

Тақауда Францияда тәулігіне вирус жұқтырудың 9 мың дерегі тіркеліп, антирекорд орнады. Наурыз бен сәуірдің өзінде бұл көрсеткіш әрі кетсе, 5 мыңға жуықтаған. Десе де мамандар жаңа деректер саны күрт артқанымен, кісі өлімі көктемгі көрсеткіштермен салыстырғанда, айтарлықтай азайғанын айтады. Қалай болғанда да, Франция президенті енді қайтадан шекараны жауып, карантин енгізбейміз деп отыр. Оның айтуынша, бұл экономика үшін ауыр соққы болады.

Хабар 24 телеарнасы