424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай мен Үндістан арасындағы шекарада атыс болды

  • 196
  • UPD: 09:35, 09.09.2020

Ладакхтағы Қытай мен Үндістан арасындағы шекарада атыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос тарап бұл оқиғаға бір-бірін айыптап отыр. Қытай әскері ресми өкілінің мәлімдеуінше, Үндістан жауынгерлері қос ел арасындағы нақты бақылау сызығынан асып өтіп, келіссөздерге дайындық білдірген қытай сарбаздарына оқ атқан. Қытай әскерилері жауап ретінде шаралар қабылдауға мәжбүр болған. Үндістан тарабы жағдайдың асқынуына Қытай жағы кінәлі деп отыр. 

Дүйсенбі күні кешке Қытай мен Үндістанды бөліп тұрған нақты бақылау сызығында оқ атылды. Бұл – 1975 жылдан бері екі ел арасындағы шекарада алғаш рет атыс қаруын қолдану әрекеті.

Аталған оқиға жайлы Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Оның айтуынша, Үндістан жағы қол жеткізген келісімдерді бұзды.

Чжао Лицзянь, Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

–– Үндістан тарабынан қауіпті қимылдарын дереу доғарып, алғы шептегі әскерін мұқият бақылауын талап етіп отырмыз. Болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін оқ атқан сарбаздарын тауып, жазаға тартуы тиіс.

Үндістан әскері өзіне тағылған айптарды мойындамайды.

Олар Қытай жауынгерлері алғы шептегі бекеттерінің бірін қоршауға тырысып оқ атқанын алға тартып отыр.

Үндістан әскері ресми өкілінің пікірінше, Қытай жағдайды ушықтыруға бағытталған арандатушылық қимылын жалғастырды. Ал Қытай әскерінің мәлімдемесін ол халықаралық қауымдастық пен өз халқын жаңылыстыру әрекеті деп атаған.

Үндістан қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінен үзінді:

«2020 жылдың 7 қыркүйегінде болған жағдайда Қытай халық азат ету әскері нақты бақылау сызығы бойындағы алғы бекіністеріміздің біріне жақындауға тырысты. Ал жауынгерлеріміз оларды үркіткенде, Қытай әскерилері сарбаздарымызды қорқытпақ болып, бірнеше мәрте әуеге оқ атты».

Қос тарап аймақта бейбітшілік пен тыныштық сақтау ұстанымы сақталатынын айтады. Бірақ екі ел егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға дайын екенін білдірді.

Үндістан мен Қытай арасындағы шекарада жанжал биыл мамыр айында басталған болатын. Сол кезде үнді сарбаздары құрбан болғаны хабарланды, бірақ бірде-бір оқ атылған жоқ. Ал осы оқиғадан екі күн бұрын екі елдің қорғаныс министрлері Мәскеуде кездескен еді. «ИТАР-ТАСС» агенттігінің мәліметінше, қазіргі кезде қос тараптың әскерилері шұғыл түрде келіссөздер жүргізіп жатыр. Алдағы күндері Ресей астанасында екі елдің сыртқы істер министрлері де бас қосып, осы мәселені талқыға салады. 

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Айгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы