420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ядролық қару қауіпті вирустан да күштірек

  • 203
  • UPD: 09:47, 09.09.2020
Ядролық қару қауіпті вирустан да күштірек

Ұлыбританияда коронавирустан кейінгі ядролық қарусыз әлемнің болашағы талқыланды.

Халықаралық онлайн-конференцияға қатысушылар ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу қаншалықты мүмкін екендігін саралады. Қазіргі таңда қолында жойқын күші бар кейбір елдер 2017 жылы қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қаруға толық тыйым салу туралы конвенциясына қол қоюға асықпай жүр. Сондықтан спикерлер қарусыздану саласындағы жағдайды өте алаңдатарлық деп бағалады.

«Өкінішке қарай, ядролық және ядролық емес қауымдастықтар арасындағы алшақтық артып келеді. Біз міндетті түрде халықаралық қатынастар шеңберінде саяси сенім мен жүйелі диалогқа қайта оралуымыз керек. Осыған байланысты барлық ядролық державалар адамзатты ядролық апаттан құтқару тұрғысында жауапкершілікті сезінуі керек», – деді олар.

Дэн Плеш, Soas Лондон университетінің Халықаралық зерттеулер және дипломатия орталығының директоры:

– COVID қаншалықты қауіпті екендігін көрдік. Әлем екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған жағдайды бастан кешуде. Шынында, адамзат баласы сабақ алатын, алауыздыққа сабақ болатын кезең. Жағдайды қадағалау немесе уыста ұстап отыру мүмкін болмады. Көптеген елде берекесіздік орнады. Ал ядролық қару одан да қауіпті болуы мүмкін. Сабақ алайық дегенім: осы қаруды бақылай алмай қалып, бармақ тістеп қалмайық.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі, сондай-ақ Лондон университетінің халықаралық зерттеулер және дипломатия орталығы өткізген онлайн-басқосу Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды. Пікірталасқа әлемнің түкпір-түкпірінен беделді сарапшылар қатысты. Олардың қатарында ядролық сынақтарға толығымен тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Британ Парламенті Лордтар палатасының мүшесі, сонымен қатар жаһандық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау жөніндегі жалпы партиялық парламенттік топтың тең төрағасы Лорд Дэвид Хэнни, Британ үкіметінің, Ватиканның өкілдері және басқалары бар. Барлығы да Қазақстанның әлемдегі ядролық сынақтарды толық тоқтатудың бастамашысы және жақтаушысы ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. 

Хабар 24 телеарнасы