424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда коронавирустан қаза тапқандардың саны артты

  • 199
  • UPD: 14:04, 09.09.2020

Оңтүстік Кореяда коронавирустан өлім-жітім көрсеткіші артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 3 күннің ішінде COVID-19-дан 10 адам жан тапсырды. Елде әлеуметтік ара қашықтықтың 2,5 метр, яғни ең жоғарғы деңгейі сақталған. Көптеген кәсіпорын жұмысын тоқтатты.

Владислав Цой, тілші:

– Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырып, ауыр халде жатқан науқас көбейді. Өлім-жітім де артып барады. Дәрігерлер жас мөлшеріне де мән берген дұрыс дейді. Мысалы, 60 жасқа дейінгілердің арасындағы өлім көрсеткіші 0,2 процентті құраса, 70 жастан асқандарда бұл көрсеткіш 6 проценттен асып түседі. Ал 80 жастан жоғары адамдарға инфекция жұқтыру тіпті қауіпті. Статистика бойынша олардың 20 проценті ауруын жеңе алмай жатыр. Мамандардың айтуынша, қазір әсіресе діни мекемелерде вирус өршіп тұр деп дабыл қағуда. Өйткені ғибадатханаға келушірер негізінен егде жандар. Ал таяуда жергілікті билік жаппай жиналыс өткізуге тыйым салса да, оған қарамастан «Саранг» протестанттық шіркеуінің 10 мыңға жуық өкілі шеру ұйымдастырды. Мамандар коронавирустың екінші толқыны дәл осы шарадан кейін басталғанына сенімді. Қазір Сеул мен Кёнги провинциясы аурудың ошағына айналып отыр. Енді жергілікті билік бір жерде 10 адамнан артық жиналуға қатаң тыйым салды. Ал қоғамдық тамақтану орындары тек кешкі сағат тоғызға дейін ғана жұмыс істейді. Одан кейін тағамды тапсырыс арқылы ғана ала аласыз. Әрі мекенжайға жеткізіледі. Тұрғындар мейрамханаларда тыйым бар екенін біліп, енді Сеулдің саябағына ағыла бастапты. Демек Үкімет талапты өзгертіп, қатаңдатылған шектеу шараларын жариялауға мәжбүр болады. 

Пак Ю Ми, Сеулдің денсаулық сақтау бюросының басшысы:

– Ас-су жеткізу қызметімен айналысатын компаниялардың жұмысына шектеу қойдық. Олар қыркүйектің 13-іне дейін саябақтардан тапсырыс қабылдамайды. Жергілікті тұрғындарды да далада тамақтанудан бас тартуға шақырамын. Бір үстелдің басындағылардың вирус жұқтыру қаупі жоғары. Соны да ескеру керек.

Ел экономикасы орасан зор шығынға батуда. Өткен жылдың тамыз айы мен ағымдағы жылдың тамыз айын салыстырса, биыл 274 мың адам жұмыссыз қалған. Бұл әлемдің қаржы дағдарысы орын алған 2009 жылдан бері ең жоғарғы көрсеткіш. Карантиннің салдарынан көбінесе ойын-сауық, спорт пен білім беру саласы ең қатты зардап шекті. Бүгінде денсаулық сақтау клубтары мен бассейндерде келушілердің саны 1 процентті де құрамайды. Шағын және орта бизнес өкілдері Үкіметтің кей компанияларға субсидия бөлу керек деген пікірде. Олардың ішінде пандемия кесірінен жабылған денсаулық сақтау клубтары мен академиялар бар. Билік әлеуметтік ара-қашықтықтың жоғарғы деңгейін әзірге сақтау керек деген талап қойды. Тәжірибеге сүйенсек, дәл осы санитарлық шара оң нәтиже берген. Сөзіме дәлел болсын, бір айдан аз уақыт ішінде аймақта коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны 4 есеге кеміген болатын. Ал карантиннің ұзартылуы немесе аяқталуы жайында нақты шешімді Үкімет алдағы демалыс күндері жариялайтын болады.

Хабар 24 телеарнасы