420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда нәпақасыз қалғандар көбейді

  • 119
  • UPD: 19:32, 09.09.2020

Грузияда жұмыссыздық деңгейі артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирус індетінің салдарынан экономиканың барлық саласы зор шығынға батып, көптеген адам нәпақасыз қалды. Үкімет жұмыссыздық деңгейін қалай анықтады?

Юлия Тужилкина, тілші:

- Грузияда індеттің кесірінен көптеген кәсіпорындар жабылды. Бұл еңбек нарығына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған туризм саласындағы жағдай қиын. Вероника Джеранашвили отбасымен бірге осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуінің Отаны Тбилисиге көшіп келді. Олар қонақ үй мен шағын турагенттік ашқан. Вероника гид мамандығын оқып, қонақтарға елді көрсетіп, саяхаттар ұйымдастыратын. Алайда, коронавирус індетінің салдарынан кәсібі тоқырап қалды. 

Вероника Джеранашвили, қонақ үй иесі:

-Бүкіл отбасымыз осы салада жұмыс істейді. Әрине, нәпақасыз қалдық, жағдайымыз қиын. Соншалықты қиын болатынын ешкім күткен жоқ. Әрине, болашақтан үмітіміз бар, бірақ қыста көп қонақ келетін түрі жоқ.

Мейрамханалар, мұражайлар мен саябақтар да қиын жағдайға түсті. Олардың көбі қызметкерлерін қысқартты. Алайда, ресми статистикаға сәйкес жұмыссыздар саны бір жылда тек 1%-ке өскен. Бұл мәлімет неге негізделгенін мамандардан сұрап білдік.

Ярослава Бабич, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының басшысы:

- Аптасына бір-ақ сағат еңбек еткен адам жұмыспен қамтылған деп саналады. Өз жер телімінде жұмыс істесін әлде туыстарына тегін көмектессін, айырмашылығы жоқ. Мәселен жақында өткізілген сауалнамаға сүйенсек, жауап берушілердің 24%-і жұмыссыз және мүлдем табыссыз қалғанын айтқан. 38%-і жартылай жұмысы немесе табысынан айырылған.

Ресми мәлімет бойынша індет басталғалы Грузияда өзін өзі жұмыспен қамтығандардың саны өскен. Алайда экономистердің айтуынша, бұл санаттағы біраз адамның табысы отбасын асырауға жетпейді. 

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы