426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада 400-ге жуық кенші алты күн бойы жер астынан шықпай отыр

  • 134
  • UPD: 20:02, 09.09.2020

Украинаның Кривой Рог қаласындағы тау-кен комбинатының үш бірдей шахтасының 400-ге жуық қызметкері 2 қыркүйектен бері наразылық акциясын жер астында жалғастыруда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеншілер комбинат басшылығына бірнеше талап қойып отыр.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украинада мемлекет қарамағында 32 шахта бар, кәсіпорындардың 70%-ке жуығы 2014 жылға дейін жұмысын тоқтатқан. Сондықтан мемлекеттік шахталардың өндірісі 10%-ті ғана құрайды, қалғаны жекеменшік шахталарға тиесілі. Осы жеке комбинат пен кәсіпорындардың еңбек адамдарына деген немқұрайлы көзқарасы билік тарапынан да ескеріле бермейді. Алты тәулік бойы Кривой Рог қаласындағы тау-кен комбинатына қарасты 3 бірдей шахтаның 400-ге жуық қызметкері наразылық акциясын ұйымдастырып жатыр. Кеншілердің басты талабын Рада депутаты телефон арқылы айтып берді.

Михаил Волынец, Украина шахтерлерінің тәуелсіз кәсіподақ басшысы, Жоғарғы Рада депутаты:

- Қазіргі уақытта Кривой Рог қаласындағы темір рудасын өндіретін 3 шахтаның кеншілері жер астындағы наразылық акцияларын жалғастыруда. Олар кәсіпорын басшылығына бірнеше талап қойып отыр. Ең басты талап – жалақыны өсіру, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету. Жұмысшылардың айлығы өте аз, шамамен екі жүз доллардың айналысында.

Мемлекет қарамағындағы шахтада 40, кен өндіретін жекеменшік шахталарда да 40 мыңға жуық жұмысшы қызмет атқарып келеді. Карантин кезінде бұл сала тіпті тұралап қалған. Сондықтан наразылық акциялары соңғы уақытта жиі ұйымдастырылады.

Наталья Левицкая, Украина шахтерлерінің тәуелсіз кәсіподақ басшысының орынбасары:

- Соңғы кездері кеншілердің наразылығы жиі болып жүр. Шілде айында шахтерлер айлығын ала алмай зар болған еді. Қазіргі уақытта Украинаның көмір өнеркәсібі де өте ауыр жағдайда. Осы саладағы министрліктің жақын болашаққа жасаған даму жоспары не реформасы жоқ, сондықтан Украина шахталары дағдарысты еңсере алмай келеді.

Украинаның Кривой Рог қаласындағы тау-кен комбинатына қарасты шахталардың жер астында отырған 400-ге жуық қызметкері кәсіпорын басшылығымен әлі бір мәмлеге келер емес. Оқиға орнында жүрген Украина шахтерлері тәуелсіз кәсіподақ басшысының телефон арқылы айтқан ақпаратына сай, жақын уақытта кеншілер Днепропетровской облысы мен кәсіпорын басшылығымен тілдеспек.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы