420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада коронавирус қайта өршіді

  • 92
  • UPD: 14:55, 10.09.2020

Украинада тек бір тәулікте коронавирустан 45 адам қайтыс болып,  жұқтырғандар саны 2551 адамға жетіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, бұл елдегі  шартты карантин 1 қарашаға дейін ұзарған. Дей тұрғанмен, әсіресе жастардың әлеуметтік жауапкершілігі өте аз. Олар түнгі клуб сияқты көңіл көтеру орындары карантин талабын көп сақтамайды. 

Қоғамдық орындарда міндетті түрде маскамен жүру керек екенін Украина жастары мүлдем естімегенге ұқсайды. Тәртіп бойынша мейрамхана, түнгі клуб, бар және кафелер, яғни көңіл көтеруге арналған орындар сағат түнгі 23:00-ге дейін ғана қызмет ете алады. Ал бұл жердегі дискотека сағат түнгі 01:00 болса да, түндігін әлі жаппаған. 1,5 метрлік дистанцияның тіпті ескерілмегенін де видеодан анық көруге болады.

– Карантин талаптары сақталмайды. Өзім Киев тұрғыны емеспін,  Харьков қаласынан келдім. Ол жақта да карантин режимін бұзушылар көп.

– Тұрғындардың әлеуметтік жауапкершілігі өте аз. Мемлекет тарапынан ақпараттандыру әлсіз.

– Вирустың жылдам таралу себебі белгілі. Әсіресе жастар тәртіпті көп сақтамайды, салғырт қарайды. Түнгі клуб, бар мен кафелердегі адам санында есеп жоқ.

«Ukraine fashion week» шарасы да биыл еш кедергісіз ұйымдастырылды. Бірде-бір терезесі ашылмаған ғимараттағы адам санында есеп болмады. Тар қапас пен қапырық ыстықта да маска кигендер көрінбейді. 

Карантин талабына немқұрайлы қарайтын шаралар Украинада күнделікті ұйымдастырылады. Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің мәліметі бойынша соңғы бір тәулікте коронавирустан 45 адам қайтыс болған. Вирус жұқтырғандар саны 2551 адамға жеткен. Киев бойынша медициналық мекемелердегі төсек-орындардың 50% астамы вирус жұқтырған науқастармен лық толған.

Виталий Кличко, Киев қаласының мэрі:

- Вирус кері шегінер емес. Қаладағы дертті жандардың саны артуда. Емханада емделушілердің де қатары артқан. Дәрігерлер:  «Аурудың асқынған түрі көбейді», – деп мәлімдейді. Дертті жандардың жасы 30-дан 60-қа дейінгі адамдарды құрайды.

Елде шартты карантин 1 қарашаға дейін ұзартылған. Украинаның министрлер кабинеті дәрігерлердің жалақысына қосымша 3 мың гривень, шамамен 108 доллар қосатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ел үкіметі емханалардағы төсек-орын санын арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін қазынадан 6 млдр гривень, 215 мың доллардан астам қаржы бөлінген.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы