421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грекияның мигранттар лагеріндегі өртке кім кінәлі?

  • 140
  • UPD: 23:12, 10.09.2020

Грекияның Лесбос аралында төтенше жағдай тәртібі енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік елдегі ең ірі мигранттар лагеріндегі өрттен кейін осындай шешім қабылдады. Босқындар тұратын орын осы аптада екі рет өртенген. Соңғы тілсіз жаудан кейін лагерь тұруға жарамсыз болып қалды.

Нақты себебі әлі жария етілген жоқ. Дегенмен лагерьді сол жерде тұрып жатқан мигранттардың өздері өртеп жіберуі мүмкін деген болжам бар.

Көші-қон дағдарысынан ең көп зардап шеккен елдердің бірі - осы Грекия. Өйткені Сирия мен Ауғанстаннан қашқан мигранттар әдетте Түркияға, сосын теңіз арқылы осында келеді. Сөйтіп кейіннен Еуроодақтың өзге елдеріне жетуді көздейді. Грекияда мигранттар лагері негізінен аралдарда орналасқан. Солардың ең ірісі – Лесбос аралындағы осы Мориа лагері. Мұнда 9 қыркүйекке қараған түні өрт болды. Салдарынан босқындар тұрып жатқан орындар айтарлықтай зақымданған. Енді міне, бүгін түнде лагерь тағы да отқа оранып, тұруға жарамсыз болып қалды. Адамдар аман. Негізі лагерь 3 мың босқынды жайғастыруға арналған екен. Алайда онда 13 мың адам тұрып жатса керек. Арасында 70 елден келген мигранттар бар. Бірақ көбі ауғанстандық босқындар екені белгілі. Енді мыңдаған адам уақытша баспасыз қалды.

БЛИЦ:

– Біз ұйықтап жатқан едік. Кенеттен «өрт» деген дауыстарды естідік. Алғашында мұнда не полиция, не өрт сөндірушілер болған жоқ. Олар от жан-жаққа таралып кеткенде ғана келді.

– Енді ашық аспан астында ұйықтаймыз. Мен ғана емес, бұл адамдардың барлығы осылай істейді. Енді қайда барамыз? Не Грекия билігі, не басқа да ұйымдар көмек көрсетіп жатқан жоқ.

Грекия билігі өртке мигранттардың өзі кінәлі дейді. Мәселе мынада. Жуырда лагерьде тұрып жатқан 35 босқынның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Билік оларды оқшауламақ болғанда, науқастар қашуға тырысқан. Кейбір мәлімет бойынша, өртті карантин шараларына қарсы босқындар қойған болуы мүмкін. Тағы бір ақпарат бойынша, мигранттар коронавирус кесірінен шекаралар жабылғасын, басқа елдерге жете алмай, қасақана осылай істесе керек. Өйткені олар мұнда адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқанын айтып, жиі шағымданатын. Енді тағы бір нұсқа бойынша, қазір аралда орман өрті өршіп тұр. Бұл соның әсері болуы мүмкін деген болжам да бар.

Кириакос Мицотакис, Грекия премьер-министрі:

– Бұл өкінішті оқиға. Алайда мигранттардың медициналық тексеруге қарсы шығып, мұндай қадамға баруы дұрыс емес. Соңғы оқиғалардан кейін Лесбос аралында төтенше жағдай жарияланды. Мигранттар үшін шатырлар тігіледі. Коронавирус жұқтырғандары ем қабылдайды. Бірақ ешбірі өзге өңірлерде қатынай алмайды. Мамандар шығындарды есептеуі тиіс. Ал біз Еурокомиссия өкілдерімен ақылдасуымыз керек.

Төтенше жағдайдан кейін босқындардың көрші елді мекендерге өтіп кетпеуі үшін полицейлер жолдарды жауып тастаған. Билік уақытша шешім қабылданғанша, олар сол жерде қалдыратын болды. Енді көбі жол жиегінде жатуға мәжбүр. Оны мына бейнежазбадан көруге болады.

Грекиядағы оқиғадан кейін Германияда мыңдаған адам мигранттарды қолдау мақсатында ереуіл ұйымдастырған. Наразылық акциялары Майндағы Франкфурт қаласы мен Берлинде өтті. Жиылған жұрт Германия билігінен қиын жағдайға тап болған Грекиядағы босқындарды қабылдауын сұрап отыр.

Мелани, «Seebruecke» халықаралық қозғалысының мүшесі:

– Бұл адамдар онсыз да көп қиындықты бастан кешірді. Сондықтан өзгелер секілді қалыпты өмір сүруге құқылы. Германияда бұл азаматтарды қабылдайтындай орын жетеді. Мигранттар осында келсін. Алайда бұған біздің ішкі істер министріміз қарсы болып отыр. Біз министрмен келіспейміз.

Жұрт ішкі істер министрін кінәлап жатқанда, Германияның Сыртқы істер министрі мигранттарға көмектесуге әзір екенін жеткізді. Бірақ бұл мәселеге өзгелердің де атсалысқаны дұрыс деген пікір айтып отыр.

Хайко Маас, Германияның сыртқы істер министрі:

– Біз Грекиядағы мигранттарға қазір қалай көмек көрсете аламыз? Бұл мәселеге бүкіл Еуроодақ болып атсалысу керек. Негізі, Германия билігі осыған дейін де қол ұшын созып келді. Қазір де одан бас тартып отырған жоқпыз. Қиын жағдайға тап болған мигранттар үшін көмегімізді аямаймыз.

Өрттен кейін Норвегия премьер-министрі балалары бар 50 мигрантты қабылдауға әзір екенін жеткізді. Француздар да көмек қолын созуға дайынбыз деп отыр. Еуроодақ өкілдері де жәрдем беретінін айтқан. Алайда мигранттардың қайда орналасатыны әзірге белгісіз. Және Норвегиядан басқа өзге елдер оларды қабылдауға дайын ба, жоқ па - бұл да беймәлім. Жалпы оған жергілікті тұрғындар қалай қарайды деген сұрақ та туындайды. Наурызда осы Лесбоста жергілікті жұрт мигранттарды қабылдау орталығын өртеп жіберген еді.

Италияда тамыздың соңында 450 босқын мінген кеменің айлаққа тоқтауына рұқсат бергеннен кейін жергілікті белсенділер тобы полицейлермен қақтығысқа түскен болатын.

Хабар 24 телеарнасы