421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Испанияның солтүстігіндегі Баск жерінде бастауыш мектеп жабылды

  • 100
  • UPD: 09:27, 11.09.2020
Испанияның солтүстігіндегі Баск жерінде бастауыш мектеп жабылды фото: bc.com

Испанияның солтүстігіндегі автономды қоғамдастық Баск жерінде орналасқан бастауыш мектеп жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған мекемедегі бірнеше мұғалімде коронавирус індетінің анықталуы себеп болды. Аймақ оқушылары 6 ай үзілістен кейін партаға қайта отырған еді. Кей сарапшылар «елде оқу орындарының ашылуы коронавирус дертінің белең алуына да себеп болуы мүмкін» деп болжаған болатын. Қазір балалар қашықтан оқу форматына көшті. Кейбіреулері карантинге отырды.

Айта кетейік, Испания – Еуропадағы коронавирус індетінен ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Эпидемия басталғалы онда 554 мың адам індеттің ілмегіне ілініп, 30 мыңға жуығы қауіпті инфекциядан көз жұмды.

Фернандо Симон, Испанияның шұғыл көмек көрсету қызметінің басшысы:

- Шілде айының ортасынан бастап вирус жұқтырғандар саны арта түсті. Кейін жағдай тұрақталған сияқты еді. Алайда, соңғы тәулікте 4 мыңға жуық адамға коронавирус диагнозы қойылды. Барлық өңірдегі мектептер бір уақытта ашылған жоқ. Кейбіреулері жұмысын 1 немесе 2 апта кеш бастады. Сондықтан білім ордаларындағы эпидахуал да әр түрлі уақытта ушығуы мүмкін. Бүгінде егде жастағыларға қарағанда коронавируспен көбінесе жас буын ауырып жатыр. Оған жеткіншектердің түнгі клубтарда көптеп жиналуы себеп болды.

Хабар 24 телеарнасы